Индонезияда болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 51 адамға жетті. Тағы 113 адам түрлі дәрежеде жарақат алып, 5 мыңға жуық тұрғын эвакуацияланды.
Reuters мәліметінше, билік 36 адамның ауыр, тағы 77 адамның жеңіл жарақат алғанын хабарлады. Кейбір адамдар үйінділердің астында қалып қоюы мүмкін деген болжам бар.
Магнитудасы 7,7 болатын жер сілкінісі 15 тамыз күні таңертең елдің шығысындағы Шығыс Нуса-Тенгара провинциясында болды. Жерасты дүмпулерінен көшкін жүріп, жолдар жабылды. Бұл құтқару қызметтерінің жұмысын айтарлықтай қиындатты.
Табиғи апат салдарынан 1,3 мыңнан астам үйге зақым келді. Кейбір аудандарда электр қуаты өшіп, соның салдарынан 20-ға жуық жанармай құю станциясы жұмысын уақытша тоқтатты.
Апат салдарын жоюға 3,5 мыңнан астам әскери қызметші мен полиция қызметкері жұмылдырылды. Өңір билігі зардап шеккендерге көмек көрсетуді жеделдету үшін төтенше жағдай режимін енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.