Индонезияның Солтүстік Малуку провинциясындағы Дуконo жанартауы атқылағаннан кейін жоғалып кеткен Сингапурдың екі туристін іздеу операциясы жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Жергілікті іздестіру-құтқару агенттігінің басшысы Иван Рамданидің айтуынша, жанартаудың белсенділігі мен нөсер жаңбыр іздеу жұмыстарына айтарлықтай қиындық туғызуда.
Оның сөзінше, операцияға шамамен 150 құтқарушы тартылған. Сонымен қатар жылу камерасымен жабдықталған екі дрон қолданылып жатыр. Негізгі іздеу жұмыстары кратер жиегінен шамамен 100–150 метр қашықтықта жүргізілуде.
Дуконo жанартауы әлі де атқылап жатыр. Бұған қоса, аймақта жаңбыр жауып тұр. Құтқару жұмыстары тек атқылаулар арасындағы үзіліс кезінде ғана жүргізіледі, – деді ол.
Жанартау 8 мамыр күні атқылап, биіктігі 10 шақырымға дейін жеткен күл бағанын аспанға шығарған. Осыдан кейін де жанартаудың белсенділігі бәсеңдегенімен, толық тоқтамаған. Қазір кратер аумағы жанартау күлінің астында қалған.
Құтқарушылар жоғалған екі сингапурлық туристке тиесілі болуы мүмкін рюкзактарды тапқан. Полицияның мәліметінше, аман қалған туристер олардың қаза тапқан болуы мүмкін екенін айтқан.
Бұған дейін билік өкілдері із-түзсіз жоғалған индонезиялық бір туристің қаза болғанын растаған еді.
Оқиға салдарынан 17 адам аман қалған. Олардың жетеуі – Сингапур азаматтары, ал оны – индонезиялықтар.
Сингапур Сыртқы істер министрлігі ел азаматтарының жексенбі күні үйлеріне оралуы тиіс екенін хабарлады.
Индонезияның вулканология агенттігі Дуконo жанартауы бойынша қауіптің үшінші деңгейін сақтап отыр. Қазіргі уақытта кратерден 4 шақырым радиуста кез келген қызметке тыйым салынған.