Индонезия билігі орман өртіне байланысты Шығыс Явадағы Бромо тауы ұлттық паркін туристер үшін толық жапты. Бұл туралы парк әкімшілігі Instagram-дағы ресми парақшасында хабарлады.
Әкімшіліктің мәліметінше, өрт шамамен 176 гектар аумақты шарпыған. Тілсіз жау дүйсенбіде басталып, Бромо жанартауының кальдерасы аумағына тараған. Бейсенбі күні өрт аумағы шамамен 60 гектар болған.
Билік ұлттық паркті жабу туристердің, парк қызметкерлерінің және жақын маңдағы елді мекендер тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет екенін мәлімдеді. Билет сатып қойған туристер сапарын басқа күнге ауыстыра алады немесе ақшасын қайтарып алуына болады.
Өртті сөндіруге Шығыс Ява билігі тікұшақтарды жұмылдырып, әуеден су төгуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ суды шашу үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану көзделген.
Өрттің неден шыққаны әзірге анықталған жоқ. Зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген.