Ұлттық Банк төлем карточкаларының жаңа жүйесін іске қосты

30 Маусым 2022, 19:44
1982
Бөлісу:
Ұлттық Банк төлем карточкаларының жаңа жүйесін іске қосты

Нұр-Сұлтан,  BAQ.KZ. Қазақстан Ұлттық Банкі төлем карточкаларының банкаралық жүйесін (бұдан әрі – ТКБЖ) өнеркәсіптік пайдалануға қосқанын хабарлады. 

Бұл жүйе Қазақстан аумағында төлем карточкалары арқылы жасалатын банкаралық транзакцияларды өңдеуге арналған.

ТКБЖ-ны құру және оны іске қосу – төлем карточкалары нарығының қауіпсіздігін және үздіксіз жұмыс істеуін, қазақстандық банктер үшін ішкі есеп айырысулардың кепілдігін қамтамасыз етеді.

Жүйені әзірлеу Visa, Mastercard және UnionPay халықаралық төлем жүйелерімен (бұдан әрі – ХТЖ) және төлем карточкаларының нарығына қатысушы банктермен өзара тығыз байланыста жүзеге асырылды.

ТКБЖ-ны құру аясында жергілікті карточкалық инфрақұрылым жасалып, тиісті нормативтік құқықтық база қалыптастырылды. Сонымен бірге қазақстандық банктер эмиссиялаған төлем карточкалары бойынша жергілікті операцияларды өңдеуді ұйымдастыру бойынша ХТЖ-мен келісімдер жасалды.

Қазіргі уақытта ТКБЖ-ға төлем карточкаларымен қызмет көрсететін банктер қосылған. Банктердің жергілікті карточкалық транзакцияларының трафигін аудару, оның ішінде банк жүйелерін бейімдеу және халықаралық төлем жүйелерімен өзара іс-қимыл процестерін қайта баптау бойынша қажетті жұмыстар жүргізілді.

ТКБЖ операторы – «ҚРҰБ Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» РМК – Қазақстан Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы.

Өзгелердің жаңалығы