Халықаралық Берлин кинофестивалінде «Ақын» фильмі көрсетілді

13 Ақпан 2022, 16:02
1604
Бөлісу:
Халықаралық Берлин кинофестивалінде «Ақын» фильмі көрсетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық Берлин кинофестивалінің «Форум» бағдарламасы шеңберінде ҚР Мәденииет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Ақын» фильмінің еуропалық тұсаукесері өтті. 

Бұл туралы Қазақфильмнің баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кетсек, фильмнің режиссері аталған көрсетілімге қатыса алмады, алайда шетелдік көрермендерге отандық туындыны продюсер Юлия Ким және актриса Гүлжан Түзелбаева таныстырды. 

Фильмнің тұсаукесеріне қатысып отырғанымызға өте қуаныштымыз. Берлинале фестивалінің ұйымдастырушыларына алғысымыз шексіз. Режиссер Дәрежан Өмірбаев бүгінгі күнгі тәртіптерге байланысты көрсетілімге қатыса алмады. Біздің фильм тикток жайлаған дәуірде саф өнердің - поэзияның ешкімге де керек  болмай қалғаны туралы баяндалады. Менің ойымша, шынайы өнерге берілген кейбір шығармашылық жандар бұл фильмде өздерін көре алады. Мен фильмдегі басты кейіпкердің образында режиссердің өзін көріп тұрғандай боламын. Осы кинотуындының жарық көруіне атсалысуға мүмкіндік берген Дәрежан Өмірбаевқа алғысымды білдіремін, - деді көрсетілім алдында Юлия Ким.

Халықаралық Берлин кинофестивалінде «Ақын» фильмі көрсетілді

Қазақстандық кинотуынды Берлин кинофестивалі көрермендерінің қызығушылығын тудырғанын айта кету керек. Тұсаукесер күні кинотеатрдың залында бос орын болмады. Бұл көрсетілімге билеттер бірнеше күн бұрын сатылып кеткен екен. Тұсаукесерге келген қонақтардың арасында Дәрежан Өмірбаевтың шығармашылығымен бұрыннан таныс көрермендер де болды. 

«Ақын» фильмі технологиялар дамыған қазіргі заманда өнердің қоғамда алатын орны туралы ой қозғап, поэзияға сұраныс азайған дәуірде ақынның күйініші туралы сыр шертеді. Қазақ халқының XIX ғасырдағы ең көрнекті ақындарының бірі Махамбет Өтемісұлының қилы тағдыры жайында ойға батқан басты кейіпкер нәзік жүректі ақындардың өмірі қашан да қиын болғанын түсінеді. Фильмнің сценарийі неміс жазушысы Герман Гессенің «Авторлық кеш» атты автобиографиялық әңгімесі желісімен жазылған. Фильмдегі басты рөлді «Жігіттер» тобының әншісі Ердос Қанаев сомдайды.

Халықаралық Берлин кинофестивалінде «Ақын» фильмі көрсетілді

Еске сала кетсек, аталған фильм Токиода өткен халықаралық кинофестиваль шеңберінде алғаш көрсетіліп, Дәрежан Өмірбаев «Үздік режиссер» жүлдесімен марапатталған болатын. 

Осымен 72-ші рет өткізіліп жатқан Халықаралық Берлин кинофестивалінің жеңімпаздары 16 ақпанда жарияланады.

Өзгелердің жаңалығы