Індет ұйытқып отырып қайта соғуы мүмкін – Шыңғыс Мұқан

5 Тамыз 2020, 14:33
1978
Бөлісу:
Індет ұйытқып отырып қайта соғуы мүмкін – Шыңғыс Мұқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Әбдіманап Төлебаев және Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Тимирхан Варзиловтың қатысуымен қаладағы эпидемиологиялық жағдай бойынша брифинг өтті. 

Баспасөз мәжілісінде, ең алдымен, сөз тізгінін алған Шыңғыс Жұмабекұлы қаладағы қалыпқа түсе бастаған эпидемиологиялық ахуалды тұрақты жағдайда ұстау үшін жоспарлары жөнінде сөз қозғады.
Коронавирус инфекциясының кең таралуын алдын алу мақсатында қалада адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарға насихат баннерлерін ілеміз. Яғни, халық санитарлық нормалардың сақталуын жадыларынан шығармауы керек. Мәселен, бүгінде бетперде адамның киетін киімі секілді қажеттілікке айналды. Осы қалыпты әлі де сақтауымыз керек. Өйткені індет ұйытқып отырып қайта соғуы мүмкін. Ал ол вируспен күрес көзбен көрінбейтін жұмыс сияқты. Бұл сөзімді медицина мамандарының еңбегін назарға алып айтып отырмын. Өз кезегінде біз Шымкент қаласының әкімдігі ақ халаттылар кәсібилігін сарқып жұмыс істеуге жағдай жасауымыз қажет, – деді Шыңғыс Мұқан.
Сондай-ақ қала әкімінің бірінші орынбасары жеке жоспар жоқ, мемлекеттік мақсат бар екенін айта келе, бүгінгі жағдай қалыпқа келді деп, оған немқұрайлы қарасақ, үшінші толқын болуы әбден мүмкін екенін айтты.
Ол – қарапайым шындық. Эпидемиология кеше пайда болған жоқ, ол – ғылым, зерттелген дүние. Яғни, сақтанбасақ, індетті қайта өршітіп алуымыз мүмкін. Дегенмен әлем ғалымдары бұл вирусты ауыздықтау үшін күресуде. Бүгінде дүние жүзінде ғалымдар 160-тан аса вакцинаны сынақтан өткізіп жатыр. Оның ішінде екі вакцинаны еліміздің ғалымдары сынақтан өткізуде ,-  деп сөзін түйіндеді Шыңғыс Жұмабекұлы.

жоба.jpeg

Брифингте Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері кәсіпкерлік нысан иелерінен санитарлық нормаларды сақтауға шақырды.
Мақсатымыз айыппұл өсімін көбейту емес, бірақ кәсіпкерлік нысан иелері талапқа сай жұмыс істемесе, шара қолданамыз. Бұл ретте эпидемиологиялық ахуал кезіндегі қаламыздағы дәріханаларға жүргізілген мониторинг бойынша айтсам, 457-і дәріханаға тексеру жүргізілді. Олардың 87-сінен заң талаптарын бұзу анықталып, айыппұл салынды. Және олардың 27-сі сотқа жолданып, бүгінде 8-не тергеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Ә.Төлебаев.
Өз кезегінде Темірхан Исабалұлының айтуынша, Шымкент қаласында 2020 жылғы 5 тамыздағы жағдай бойынша 5025 covid-19 жағдайы тіркелген. Оның ішінде симптомдық – 2572, симптомсыз – 2453. Ал өткен тәулікте 14 адам вирус жұқтырған.


Өзгелердің жаңалығы