Импортталған астық пен салаттан карантиндік зиянкестер мен арамшөптер табылды

9 Қазан 2026, 17:15
АВТОР
 Ауыл шаруашылығы министрлігі 9 Қазан 2026, 17:15
9 Қазан 2026, 17:15
251
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қазақстанның бірнеше өңірінде шетелден әкелінген ауыл шаруашылығы өнімдерінен карантиндік зиянкестер мен арамшөптер анықталды. Тексеру нәтижесінде импорттаушыларға қатысты әкімшілік істер қозғалып, өнімнің бір бөлігі кері қайтарылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі  хабарлады.

Алматы облысында Қырғызстаннан жеткізілген 8 690 келі айсберг салатынан батыс гүл трипсі табылған. Ал Ресейден әкелінген 840 тонна жұмсақ бидайдан жатаған у кекіре анықталды.

Ақмола облысында да Ресейден келген бидайдың екі партиясынан карантиндік арамшөптер табылды. Көлемі 490 тонна және 478,8 тонна болатын астықты зертханалық тексеру барысында жатаған у кекіре, далалық және еуропалық арамсояу анықталған. Кәсіпкерлерге астықты механикалық жолмен тазалап, одан шыққан қалдықтарды жою міндеттелді.

Ақтөбе облысындағы «Әлімбет» бекетінде Ресейдің Орынбор облысынан келген төрт жүк көлігі тексерілді. Олардағы 114,9 тонна зығырдан жатаған у кекіре табылып, осы құқық бұзушылыққа қатысты материалдар сотқа жіберілді.

Батыс Қазақстан облысындағы «Шаған» бекетінде Ресейден жеткізілген 70 тонна азық-түлік арпасынан да осы арамшөп анықталды. Арпа экспорттаушы елге қайтарылды.

Ал Абай облысындағы «Бақты» бекетінде Қытайдан әкелінбек болған 1 127 келі алма Қазақстанға кіргізілмеді. Себебі қазір үшінші елдерден алма әкелуге уақытша тыйым салынған. Осы талапты бұза отырып жеткізілген өнім кері қайтарылды.

Министрліктің хабарлауынша, анықталған заңбұзушылықтар бойынша импорттаушыларға қатысты әкімшілік істер қозғалды. Елге әкелінетін ауыл шаруашылығы өнімдерін фитосанитариялық тексеру жалғасып жатыр.

Наверх