Импортқа тәуелділіктен арылу. Шекарадағы хаб пен азық-түлік бағасы

30 Мамыр 2022, 12:25
2308
Бөлісу:
Импортқа тәуелділіктен арылу. Шекарадағы хаб пен азық-түлік бағасы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері азық-түлік бағасының қымбаттауы көпшілікті алаңдатты. 

Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар қант, картоп бағаларының көтерілуі бүкіл республикада байқалып отыр. Оның үстіне Ұлттық банк 2022 жылы жаһандық инфляция жоғары болып қалатынын айтты. Бұл әлемдік азық-түлік бағасының қымбаттауына әкеліп соғады. Осы мәселеге байланысты Сауда және интеграция министрлігіне бірқатар сауал жолдап, жауабын алған едік.

- Өзіңіз білетіндей, қазір базарлар мен сауда орталықтарында азық-түлік бағасы құбылып тұр. Жалпы, министрліктің әлемдегі саяси ахуалдар мен инфляция деңгейіне қарамастан азық-түлік бағасын тұрақтандыратын жоспары бар ма? 

- Еліміз нарықтық-экономикалық мемлекет. «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларын қоспағанда, тауар бағаларын Ішкі сауда субъектілері дербес айқындайды. Жалпы, түпкілікті өнімде сауда үстемесі 15 пайыздан аспайтын норма бар.

- Демек, азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұруға негіз бар дейсіз ғой?

- Талдауымызға сәйкес бөлшек сауда дүкендеріндегі және сауда желілеріндегі үстемеақылар рұқсат етілген мөлшерден аса көп ауытқымайтыны анықталды. Бұл ретте, шағын және микрокәсіпкерлік санатына жататын және «Қазақстан Республикасында тексерулер мен профилактикалық бақылау мен қадағалауды жүргізуге мораторий енгізу туралы» Президент Жарлығының қолданылу аясына жататын «үй жанындағы дүкендер» мен шағын базарлар сауда үстемесін арттыру жағдайлары жиі байқалады. Осыған орай Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабының 3-тармағында жоспардан тыс тексерулер (нақты фактілер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштері) жүргізіледі.

- Мысалы әлеуметтік маңызды азық-түліктің шамадан тыс қымбаттағанын көрген тұтынушы не істей алады?

- Егер ӘМАТ бағасы шамадан тыс көтерілсе, сіз «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 204-бабына сәйкес шара қолдану үшін әкімдікке кассалық чекті қоса бере отырып, нақты фактіге сүйеніп, шағым бере аласыз.

- Ал халықты отандық өніммен толық қанымдаудың қандай да бір тетігі бар ма?

- Әрине баламалы шаралар бар. Атап айтар болсақ, инфляцияны тұтастай тежеу үшін ел Үкіметі 2022-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету жөнінде шаралар кешенін қабылдады. Аталған құжат жедел және жүйелі сипаттағы 67 іс-шараны іске асыруды көздеп отыр. Халықты отандық өндірістің азық-түлігімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 230 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Осылайша, 2024 жылға қарай импортқа тәуелді негізгі тауарлар, мәселен, алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік және құс еті бойынша 100 пайыз қамтамасыз етуге қол жеткізу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, 2022 жылғы 29 сәуірде Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрінің «Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі негізінде қадағаланатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен тас көмірді әкімшілендіруді жетілдіру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы күшіне енді. Оны қабылдау әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасын өндірушіден сауда желілеріне дейін қадағалауға мүмкіндік береді.

- Импортқа тәуелділіктен арылуға мүмкіндік барын айтып отырсыз ғой. Жалпы импорттың Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуі мүмкін екенін білеміз. Осы әңгімені кеңірек тарқатсаңыз?

- Қабылданып жатқан шаралармен қатар, жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлік субъектілеріне «айналым схемасы» аясында жеңілдікпен қаржыландыру ұсынады. Тұрақтандыру қорларында азық-түлік тауарларының қоры қалыптастырылады. Бұдан басқа, жыл басынан бері елімізде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп келеді. Ондағы тауар нарықтағы бағадан 15-20%-ға төмен сатылды.

- Тұрақтандыру қоры демекші, еліміздегі азық-түлік қорының жайы қалай?

- Бүгінгі күнге тұрақтандыру қорларында 24,9 мың тонна және «айналым схемасы» аясында 115,4 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бар. Жергілікті бюджеттен «айналым схемасы» бойынша жеңілдікті қарыз беруге 80,9 млрд теңге бөлінді. «Айналым схемасы» тетіктері мен тұрақтандыру қорын қаржыландыруды 140,0 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарлаған. Ірі өндірушілер мен сауда желілері арасында ӘМАТ (күнбағыс майы, қант, қарақұмық жармасы, жұмыртқа және т. б.) бағаларын төмендету және ұстап тұру туралы келісімдер жасалып отыр.

- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тежеу және олардың өсу себептерін кезең-кезеңімен жою мақсатында министрлік Ауыл шаруашылығы министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ауқымды жұмыс істеп отыр. Осы жобалар мен жұмыстармен таныстырсаңыз?

- Бағаны көтерудің негізгі себебі – өнімсіз делдалдар санының шамадан тыс болуынан. Осыған байланысты азық-түлік тауарлары бағасының барлық тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі республикалық және өңірлік комиссиялар құрылды.

- Демек, бағаны өндіруші емес, алып-сатар делдалдар көтеріп отыр дегіңіз келеді ғой?

- Тура солай. Сол себепті де елімізде жыл басынан бастап тауарды өндірушінің өзінен алу мақсатында жәрмеңкелер ұйымдастырылып келді. Бұның тиімділігін халық көрді деп ойлаймыз.

- Әңгімемізді АШМ-мен бірлескен жобаға қарай бұрайықшы. Импорттан құтылу үшін әуелі ішкі нарықты реттеу керегі белгілі. Ол үшін қандай шара қолданасыздар?

- Ішкі нарықты жекелеген тауарлармен қамтамасыз ету жөніндегі тарифтік емес реттеу шаралары бекітілгенін айта кетейін.

Біріншіден, ішкі нарықта қанттың шектен тыс жетіспеушілігін болдырмау үшін АШМ-нің 4.05.2022 жылғы № 140 бұйрығымен 2022 жылғы 23 мамыр мен 23 қараша аралығында ақ қант пен құрақ шикі қантын шекарадан шығаруға тыйым салынды.

Екіншіден, ішкі нарықты шикізатпен қамтамасыз ету және нан мен нан-тоқаш өнімдері бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында «Қазақстан Республикасының аумағынан жекелеген тауарларды әкетудің кейбір мәселелері туралы» Ауыл шаруашылығы министрінің 18.04.2022 ж. № 110 бұйрығымен ел аумағынан 1,0 млн тонна мөлшерінде бидай мен меслинді шығаруға, сондай-ақ 19.04.2022 жылдан бастап 2022 жылғы 15 маусымға дейін бидай ұнын шығаруға сандық шектеулер (квоталар) белгіленді.

Үшіншіден, «Қазақстан Республикасының аумағынан жекелеген тауарларды шығарудың кейбір мәселелері туралы» АШМ 2021 жылғы 13 желтоқсандағы № 376 бұйрығымен 125 мың тонна мөлшерінде күнбағыс тұқымдарының экспортына, сондай-ақ 2022 жылғы 1 наурыздан 1 маусымға дейін 114 мың тонна мөлшерінде күнбағыс майының экспортына сандық шектеулер (квоталар) белгіленді.

Төртіншіден, картопқа қатысты ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін «Қазақстан Республикасының аумағынан жекелеген тауарларды шығарудың кейбір мәселелері туралы» АШМ-нің 2022 жылғы 18 ақпандағы № 44 бұйрығымен 2022 жылғы 22 ақпаннан 1 мамырға дейін 57,5 мың тонна мөлшерінде жаңа піскен немесе тоңазытылған тұқымдық картоптың және 144,5 мың тонна мөлшерінде жаңа піскен немесе тоңазытылған басқа да картоптың экспортына сандық шектеулер (квоталар) қолданылды.

- Яғни азық-түліктің біраз түрін басқа елге көп мөлшерде тасымалдауға тыйым салынды дейсіз ғой. Дұрыс екен. Ал еліміздің көрші елдермен шекара аумағында инвестициялық сауда-логистикалық хабтары ашыла бастады. Жақында Қазақ-Қырғыз шекара аумағында да осындай орталық салынатынын айттыңыз. Біздің елге тиімділігі қандай болмақ?

- Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында индустриялық сауда-логистикалық кешендер жобасын іске асыру – екі елдің өнеркәсіптік кооперациясын, көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға ықпал етпек. 

Бұл әуелі - экономиканың өнеркәсіптік секторын орнықты дамыту саласындағы мақсаттарға қол жеткізу арқылы халқымыздың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. 

Екіншіден – өндірісті, сондай-ақ логистиканы дамыту үшін заманауи инфрақұрылымды құруға және дамытуға алғашқы қадам деуге болады. 

Үшіншіден – өңіраралық және халықаралық көлік-экономикалық байланыстарды кеңейтуге таптырмас мүмкіндік десек артық айтқанымыз емес. 

Төртіншіден – елде қолайлы индустриялық ахуал жасау және ұлттық экономиканың өзіндік жеткіліктілігін арттыруға айтарлықтай үлес қоса алады деп сеніммен айтуға болады. 

Бесіншіден – инвестициялық ахуалды жетілдіру және қосылған құны жоғары отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспорттық әлеуетін дамытуға жақсы мүмкіндік. 

Сонымен қатар, алтыншысы - өз өндірісімізді дамыту арқылы импортқа тәуелділікті қысқартуға мүмкіндік береді деуге негіз бар. Бұл бір ғана қазақ-қырғыз шекарасындағы хабтарға ғана емес, жалпы біздің елмен шекаралас елдер арасындағы хабтарға қатысты деуге болады.

Бұдан бөлек ИСЛК құру – екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға оң әсерін тигізеді, екі елдің өндірушілері мен кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды жандандырады және біздің арамыздағы өзара тауар айналымын 1 млрд долларға дейін ұлғайтуға ынталандыратын болады.

- Соңғы сұрақ, жақында Президент елдегі мемлекеттік қызмет саласындағы бюрократиямен күресу туралы Жарлыққа қол қойды. Өзіңіз басқарып отырған салада бюрократия бар деп ойлайсыз ба? Бар болса онымен қалай күресесіз? Жалпы бюрократиямен күрес мәселесінде қандай тәжірибе ұсынар едіңіз?

- Бюрократиядан арылту қағидаттарының бірі – цифрландыру. Министрлік сауда процестерін цифрландыру аясында сыртқы сауда қызметі және халықаралық сауда-экономикалық қатынастар, ішкі сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау салаларындағы стратегиялық маңызды функциялар тобын автоматтандыруға бағытталған 7 жобаны іске асырып жатыр. 

Біріншіден, экспорттаушыларға арналған бірыңғай цифрлық терезе – export.gov.kz Платформа отандық экспорттаушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қолдау көрсетуді оңайлату, сондай-ақ экспорттаушыны талдамалық-консультациялық сүйемелдеу есебінен осы шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында құрылды. 

Екіншіден, Е-tutynushy.kz шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі. Платформа - бизнес, тұтынушы және мемлекет арасындағы коммуникацияны өзін-өзі ұйымдастыратын құрал.

Үшіншіден, ӘМАТ бөлігінде тауарлар каталогын енгізу. Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын кодтау бөлігінде тауарлар каталогын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізуде. Жобаның мақсаты ӘМАТ бағаларын реттеу мақсатында Тауарлар каталогында ӘМАТ сәйкестендіру сервисін енгізу . 

Төртіншіден, сауда бойынша талдамалық платформа. Сауда-саттықтың талдамалық платформасы сыртқы және ішкі сауданы, атап айтқанда, сауда ағындарын қалыптастыру, динамика, бөлу процестерін, жеке тауарлардың, шаруашылық жүргізуші субъектілердің және тұтынушылардың деңгейіне, оның ішінде баға процестерін талдауға арналған.

Бесіншіден, мемлекеттік органдардың бірыңғай QR коды. Бірыңғай QR генерациясы мемлекеттік органдардың барлық қосылған сервистерін біріктіруді білдіреді. Сервисті әзірлеу халыққа сканерлеу кезінде қосылған сервистерді икемді және ыңғайлы пайдалануға мүмкіндік береді. 

Алтыншыдан, төлем жүйесі бар әлеуметтік әмиянды енгізу. «Әлеуметтік әмиянды» банк инфрақұрылымымен өзара іс-қимыл жасай отырып енгізу халықты әлеуметтік қолдау құралдарын жетілдіруге және белсенді есепке алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге, бизнес үшін транзакциялық шығындарды азайтуға және қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жетіншіден, автоматтандырылған трансшекаралық сауда-есептік интеграцияланған жүйе (АТСИЖ). Жобаның мақсаты сыртқы экономикалық қызметтің барлық қатысушыларына «бір терезе» қағидаты бойынша ақпараттық қызметтердің толық кешенін ұсыну үшін халықаралық электронды платформа құру.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы