Иммунитеттің көтерілуі көңіл-күйге тәуелді – маман

24 Маусым 2020, 13:11
1861
Бөлісу:
Иммунитеттің көтерілуі көңіл-күйге тәуелді – маман

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Иммунитеттің көтерілуі көңіл-күйге тәуелді, дейді Астана мемлекеттік медицина академиясының профилактикалық медицина және нутрициология кафедрасының доценті Роза Сүлейменова. 

Қазіргі пандемия кезеңінде иммунитетті көтеру өте маңызды. Ағзамыздың 30-40 пайызын ақуыз құрайды. Иммунитетті көтеру үшін ақуызы бар өнімдерді көп тұтынуымыз керек. Ақуыз тауық, жылқы етінен әзірленген сорпаларда болады. Күнделікті тұтынатын тағамдардың арасында сорпа болуы керек. Көкөніс пен жеміс-жидектерді де барынша тұтынған абзал, - деді ол. 
Сүлейменованың айтуынша, қазір жаз кезінде жеміс-жидек пен көкөністің маусымы. 
Көкөніс пен жеміс-жидектен ағзамызға келетін витаминдер өте көп. Мысалы, қызанақ, қияр, қызылшаны тұтынуды арттыру керек. Сұйықтықты көп ішкен де абзал. Иммунитетті арттыратын лимон, түймедақтан сусын жасап ішуге болады, - деді ол. 
Маманның айуынша, қазір халық арасында қорқыныш бар.
Тұрғындар "Мен ауырып қалсам, не істеймін?" деген дүрбелеңге салынып жатыр. Көңіл-күйіміз жақсы болса, аурумен күресу де жеңіл болады. Барлық витаминді қажетінше қабылдап, жеке гигиена шараларын ұстанып, алайда көңіл-күй болмаса, ем қонбайды. Кез келген жағдайда позитивті көңіл-күй болу керек, - деді ол. 
Сондай-ақ, Роза Қалдыбекқызы жеке гигиена талаптарын ұстану ерекше маңызға ие екенін айтты. 
Далаға, аулаға, дәріхана, дүкендерге бару кезінде медициналық масканы тағып шығу керек. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау керек. Даладан келген бойда кір сабынмен қолды жуу қажет. Жарты сағат сайын қолды жуып тұрған абзал. Қазір көп адамдар қашықтан жұмыс істеп жатыр. Пәтердің тазалығы да айтарлықтай мәнге ие. Пәтерді желдетіп, ылғалдандырып отыру керек. Мүмкіндік болып жатса, әрбір адамның жеке ыдыс-аяғы болуы керек, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы