Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Imam AI" жасанды интеллект негізінде істейтін мобильді қосымшасы іске қосылады

Бүгiн, 15:56
173
Бөлісу:
 BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов
Фото: BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін, сенімді дереккөздерге сүйеніп, діни сұрақтарға лезде жауап беретін "Imam AI" мобильді қосымшасын әзірлеп іске қосады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2026 жылға арналған Бағдарлық баяндамасында мәлімдеді.

Заман талабына сай біз де жасанды интеллект мүмкіндіктерін діни салада жүйелі түрде енгізуді қолға алуымыз қажет. Бұл, ең алдымен, халықтың діни сұрақтарына жедел әрі сенімді жауап беруге, сондай-ақ дін қызметкерлерінің жүктемесін азайтуға жол ашады, - деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айтуынша, жасанды интеллекттің көмегімен діни сұрақтарға жауап беретін арнайы мобильді қосымшаны әзірлеу қажет.

Мұндай қосымша халықтың күнделікті өмірде туындайтын діни сұрақтарына лезде жауап алуға, ең бастысы сенімді, тексерілген дереккөздерге негізделген дұрыс мәліметке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін, сенімді дереккөздерге сүйеніп, діни сұрақтарға лезде жауап беретін «Imam AI» мобильді қосымшасын ұсынатын боламыз, - деді Бас мүфти.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ ислам қаржысы секторы ашылатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы