Илья Ильин зейнетке шықты

Спортшының жаңа мәртебесі туралы оның жұбайы Татьяна хабарлады.

 olympic.kz Бүгiн 2026, 12:18
Бүгiн 2026, 12:18
244
Фото: olympic.kz

Қазақстанның әйгілі ауыр атлеті Илья Ильин жаңа мәртебеге ие болды. Енді ол спорт саласында сіңірген еңбегі үшін берілетін ресми спорттық зейнетақының иегері атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Спортшының жаңа мәртебесі туралы оның жұбайы Татьяна мәлімдеді.

Ендеше, сені де, өзімді де құттықтаймын! Енді мен – зейнеткердің әйелімін! Өткен аптада Ильяға зейнетақысы туралы бұйрыққа қол қойылды, – деді кәсіпкер әйел Instagram желісінде бөліскен видеосында.

Өз кезегінде ауыр атлет 37 жасында қалай зейнеткер атанғанын түсіндірді.

Менің білуімше, 2022 жылы Президенттің қолы қойылған бұйрық шыққан. Соған сәйкес елдегі әрбір әлем чемпионы мен Олимпиада чемпионы 20 жыл еңбек өтілі болғаннан кейін ай сайын 100 АЕК алады (432 500 теңге. – ред.). Осы айда менің 20 жыл еңбек еткенім туралы бұйрыққа қол қойылды, енді мен спорттық зейнеткермін... Яғни ресми түрде зейнеткер атандым, – деді Илья Ильин.

Ол сондай-ақ Қазақстан спортшылар одағының командасына, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігіне және олимпиадашыларды қолдаған бүкіл мемлекеттік аппаратқа алғысын білдірді.

Мен оның жүріп өткен жолына қарағанда, бір нәрсе ойлаймын. Илья небәрі 37 жаста. Бірақ осы уақыттың ішінде ол бірнеше спорттық өмірге татитын үлкен мансапты бастан өткерді... Әр медальдің артында жылдар бойғы жанкешті еңбек, темірдей тәртіп, ауырлық, құлау мен қайта тұру жатыр. Ең бастысы – өз еліне деген шексіз сүйіспеншілік, – деп жазды ауыр атлеттің жұбайы жарияланымның астында.

Татьяна Ильина жұбайының күш-жігеріне, мінезіне және спорттан тыс жерде де қандай адам болып қалғанына шексіз тәнті екенін айтты.

Әлем үшін сен – ауыр атлетика аңызысың. Ел үшін – мақтанышсың. Ал мен үшін – күн сайын таңданатын адамсың. Және мен бұл жолдың соңы емес екенін жақсы білемін. Бұл – жаңа кезеңнің басталуы. Сені мақтан тұтамын. Сені жақсы көремін, – деп спортшыға жүрекжарды сөз арнады ол.

Татьяна Ильина сондай-ақ Ильяның ата-анасына «отбасы үшін, ел үшін және үлкен спорт үшін осындай адам тәрбиелеп өсіргені үшін» ерекше алғыс білдірді.

Наверх