Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа Алматыда спорт сарайында туды қорлағандарға қатысты депутаттық сауал жолдап, заң барлығына ортақ екенін айтты.
Жақында Алматыдағы спорт сарайында өте келеңсіз оқиға болды. ИК тобы мен Shiza концертінде өте өрескел әрекет болды. Қазақстан Республикасының туы келемеж етілді. Әншілер әдепсіз, анайы сөздер айтты. Іле-шала кешірім сұрап, айыппұл төлегені де белгілі болды. Бәріміз «Жаңа Қазақстанды» құрамыз деп ниеттеніп отырмыз. «Жаңа Қазақстанның» ең басты талабы – заң үстемдігі. Заң бәрімізге ортақ. Құр кешірім сұраумен құтылу – жауапкершіліктен жалтару деген сөз, - деді Нұртөре Жүсіп.
Мемлекет басшысы 1 маусымда осыған қатысты ойын айтып, байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деген болатын.
Қоғам бұл оқиғаға Бас Прокуратура, ІІМ қандай құқықтық баға беретінін әлі күтіп отыр. Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігі жауапкершілік жүгін сезіне ме? Олар неге үнсіз қалды? Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша ҚР рәміздерін қорлау 2 000 АЕК-ке дейінгі айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартылады не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі не сол мерзімге бас бостандығынан айырылады. Әдетте концертті кімдер ұйымдастырады? Қалтасында қомақты қаржысы барлар өткізеді. Оларға мынадай мөлшердегі айыппұлды төлей салу түкке тұрмайды, - деп айтты сенатор.
Оның айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша әртістердің көпшілік алдында былапыт сөздерді айтуы ұсақ бұзақылыққа жатады. Заң бойынша бұл үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке қамауға алынады. 440-бапта көпшілік алдында ішімдік ішіп шыққаны, есірткі пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.