Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Константин Канин өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Іле-Алатауы ұлттық паркінің аумағында құрылатын күзет аймағына байланысты өрт қауіпсіздігі талаптары әзірге әзірлену кезеңінде екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде Алматы әкімдігі туристік кластерді дамыту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Соның аясында таулы-орманды туристік бағыттар көбейіп, демалушылар үшін жағдай жақсартылмақ.
Осыған байланысты өрт қауіпсіздігі ережелерін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қабылданады. Сондай-ақ сәулет және қала құрылысы қызметі туралы заңнама талаптары да толық ескеріледі. Барлық шешімдер жобаланып, тиісті сараптамалардан өтеді. Тек содан кейін ғана нақты іс-шаралар жүзеге асырылады, – деді Константин Канин.
Константин Канин күзет аймағында табиғатты пайдалану ережелері мен газ немесе электр энергиясын қолдануға қатысты қандай нақты талаптар енгізілетінін айтты.
Басқарма басшысы қазіргі уақытта бұл мәселелердің бәрі әлі жобалау және әзірлеу сатысында екенін атап өтті.
Қазір енгізілетін шаралар әзірленіп жатыр. Олар барлық сараптамадан және қажетті кезеңдерден өткеннен кейін ғана іске асырылады. Сондықтан бүгін нақты қандай талаптар болатынын айтуға әлі ерте. Жоба жүзеге асыру кезеңіне жақындағанда бұл мәселеге қайта оралып, толық талқылауға болады, – деді ол.