ІІМ: Жеті күн ішінде үш мыңға жуық қылмыс жасалды

20 Наурыз 2023, 14:02
777
Бөлісу:
ІІМ: Жеті күн ішінде үш мыңға жуық қылмыс жасалды
Фото: inform.kz

Өткен аптада еліміздің аумағында үш мыңға жуық қылмыс жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді. 

Бір апта ішінде 2918 қылмыс жасалды, оның 1842-сі тәулік ішінде ашылды, - деп атап өтті елдегі криминогендік жағдайға тоқталған өкіл. 

Айтуынша, тәртіп сақшылары бірқатар қылмысты ізін суытпай әшкерелеген. 

Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 12 кісі өлтіруді, 6 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 2 қарақшылық, 26 тонау және 455 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты, - деді Шұғыла Тұрлыбек. 

Сондай-ақ ол ведомство басшысы Марат Ахметжанов ІІМ әзірлеген Қазақстан Республикасындағы нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспарының жобасын таныстырғанын алға тартты. 

Заңның негізгі мақсаты – сұранысты қысқартуға және есірткінің қауіпті түрлері – синтетиканың таралу арналарының жолын кесуге, есірткіге тәуелділікті ерте сатыда, оның ішінде жастар мен жасөспірімдер арасында анықтауға, есірткі тұтынушылардың сенімді есебін қалыптастыруға бағытталған шараларды жалпыұлттық деңгейде қабылдау. 

Министр жоспардың жобасын әзірлеу барысы және оны Мәжілісте, ведомствоаралық жұмыс тобының және ІІМ Есірткіге қарсы штабының отырыстарында кеңінен талқылау туралы айтты. Бұл жұмысқа 10-ға жуық үкіметтік емес ұйым және 2 мыңнан астам азамат тартылды, - деді ІІМ өкілі. 

Өзгелердің жаңалығы