Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтті. Биылғы 10 айда елімізде 6,5 мың есірткі құқық бұзушылығы анықталып, заңсыз айналымнан 32 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
ІІМ мәліметінше, анықталған құқық бұзушылықтардың үш мыңнан астамы есірткі қылмысына жатады. Заңсыз айналымға бір тоннадан астам синтетикалық есірткінің түсуіне де жол берілмеген.
Сонымен қатар сегіз ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде бір трансұлттық топтың қызметі тоқтатылды. Олардың 10 жетекшісі мен 43 мүшесі ұсталды.
Есірткі өндірумен айналысқан 23 зертхана және есірткі өсіруге арналған 94 фитозертхана жойылды. Бұдан бөлек, есірткі контрабандасының 147 дерегі анықталған.
Халықаралық ынтымақтастық аясында екі сыртқы және ел аумағындағы 18 ішкі есірткі жеткізу арнасы бақылауға алынған.
Интернеттегі есірткі саудасына қарсы күрес күшейді
ІІМ есірткі бизнесінің цифрлық кеңістікте таралуына да қарсы шараларды күшейткен. «Киберқадағалау» жүйесіне заңсыз мазмұндағы 30 мыңға жуық интернет-ресурс енгізілген.
Нәтижесінде 11 мыңнан астам сайт пен жалпы сомасы 283 миллион теңгеден асатын 14 мыңға жуық есепшот бұғатталды.
ІІМ есірткі қылмысының жолын кесу бойынша кешенді жұмысты жалғастырады, – деді министрліктің баспасөз қызметінің өкілі Мадияр Сейтжағыпар.