Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ІІМ қаңтар оқиғасындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде түсірілген видеоларды жариялады.
Видеолардың бірінде шерушілер Алматы әкімдігі ғимараты алдында полицейлер мен әскери курсанттарды ұрып-соғып, үстілеріндегі фомаларын шешіп, қолдарындағы құралдарын тартып алып жатыр.
Полицияға шабуыл
Сондай-ақ видеодан полицияның көліктерін қиратып, өртеп жатқанын көреміз. Видеодан шерушілердің өте агрессивті екені байқалады.
1 347 қару ұрланған
Тағы бір видеодан белгісіз адамдардың қару-жарақ дүкенін тонау сәтін көре аласыз. Алдымен олар көліктің көмегімен дүкеннің есігін тартып жұлады. Кейін ішіне еніп, атыс қарулары мен оқ-дәріні қолды етеді.
Полиция департаменті қаңтар оқиғасы кезінде қаладағы 7 қару-жарақ дүкені тоналып, барлығы 1 347 қару ұрланғанын, оның ішінде 501 мылтық, 807 тегіс ұңғылы және 39 газ-травматикалық қару болғанын мәлімдеген.
227 адам қаза тапты
Қаңтар трагедиясы кезінде еліміз бойынша 227 адам қаза тапқан, оның 19-ы полиция мен әскерилер. Сондай-ақ үш мыңнан астам адам жарақат алған.
25 қаңтардағы дерек бойынша, дүрбелеңге байланысты 2044 қылмыстық іс қозғалып, 898 күдікті ұсталған. Соның ішінде 802 адам қамауда отыр. Қалғаны үйқамақта немесе кепілмен босатылған. Қылмыстық істердің дені «адам өлтіру», «терроризм», «жаппай тәртіпсіздік», «ұрлық», «қаруды заңсыз сақтау», «бұзақылық», «тонау» баптарымен қозғалған.
ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтың айтуынша, осы уақытқа дейін 15 мың тергеу амалдары жүргізілген. Қазір ІІМ-нің криминалистері алынған іздер бойынша қылмыскерлердің жеке басын анықтаумен айналысуда.
Тергеушілер 15 мыңнан астам тергеу әрекетін жүргізді, оның ішінде жәбірленушілерден, куәгерлер мен күдіктілерден жауап алу, беттестіру, қарап-тексеру, тінту және тағы басқалары. Тергеу органдарына дәлелдемелерді жинауға және құқық бұзушыларды ұстауға көмектесетін азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін. Мәселен, Алматы облысындағы елді мекендердің бірінде тұрғындар ұрланған қарудың 6 данасын сату әрекетінің жолын кесіп, полицияға тапсырды, - деді ол ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматы әкімдігінің ғимараты, Qazaqstan телеарнасы, «Мир 24» телеарнасының ғимараттары өртенді, сондай-ақ «Алматы халықаралық әуежайы» ғимараты, Nur Otan партиясының ғимараты мен көптеген ірі сауда орындары, Банк, Ломбард бөлімшелері тоналып, бүлінді.
400-ден астам көлікке зақым келген
Сондай-ақ 400-ден астам көлікке зақым келген. Оның көбісі өртеніп кеткен. Шығыны 2 млрд теңгеге жуықтайды. Шаһардағы құтқару қызметі мамандарының айтуынша, әлі де қаладан зақымданған автокөліктер табылып жатыр. Айыптұрағына бүлінген 140 көлік жеткізілген. Оның 47-і өртенген, 48-іне оқ атылған.
Полиция департаментінің мәліметінше, жаппай тәртіпсіздік салдарынан 165 қызметтік көлік зақымданған, оның 53-і өртенген. Зақымдалған көліктердің ішінде 64-ін қалпына келтіру мүмкін емес. Жаппай тәртіпсіздік пен қарулы шабуылдан келген залалдың алдын ала қорытындысы бойынша: 5 фронт-офис өртенген, Алмалы аудандық полиция басқармасы мен полиция департаментінің ғимараттары зақымданды, 19 модульдік және 13 экологиялық бекет зақымданды және өртенген.
112,6 млрд теңге шығын келтірілген
Ресми мәлімет бойынша, Алматыдағы қақтығыс кезінде келтірілген шығын 112,6 млрд теңгені құрайды. Дегенмен, келтірілген шығынды анықтау жұмыстары әлі жалғасуда.
Келтірілген шығынға келсек: 67 млрд теңге кәсіпкерлік субъектілеріне, 22,6 млрд теңге әкімшілік ғимараттарға, 16,7 млрд теңге материалдық-техникалық базаға, 1,9 млрд теңге көліктерге тиесілі.
Алматы әкімдігі ғимаратына 20 млрд теңге, прокуратураға 2 млрд теңге, полиция ғимараттарына 205 млн теңге, экопосттарға 163 млн теңге және медициналық мекемелерге 2 млн теңге шығын келтірілген.
Қаланы қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр
Қазір қаланы қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған қоса шығынға батқан кәсіпкерлік субектілеріне өтемақы төлеу басталды. Зардап шеккен ШОБ субъектілеріне келтірілген шығындарды өтеу үшін аймақтық комиссияның кезекті отырысында 337,4 млн теңге сомасына 204 өтінім мақұлданған.
Оның ішінде 208,3 млн теңге сомасына 111 өтінім «Жаңа Алатау» қайырымдылық қоры арқылы жіберіліпті, 93 кәсіпкерге 129,1 млн теңге сомасында өтемақы бюджеттен төленетін болады. Комиссия жұмысы басталғаннан бері барлығы 370,3 млн теңге сомасына 221 өтінім мақұлданған. Комиссия жұмысы жалғасуда. Кәсіпкерлердің өтінімдері ұсынылған құжаттардың толықтығына орай мұқият зерделенеді және Комиссия мүшелерінің ашық дауыс берулері арқылы қаралады.