Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Түркістан облысында кәмелетке толмаған баласын ұрып-соғып жатқан әкенің оқиғасына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлады BaigeNews.kz.
Мен отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыс пен құқық бұзушылық біржақты, яғни күйеуі қатыгез болғандықтан ғана туындамайтынына назар аударғым келеді. Таяқтың екі ұшы бар. Балалардың анасы тарапынан бірнеше рет шағым түскен, алайда ол арызданбаған. Ол заң жүзінде жұбайы болып есептеледі. Бірақ ол ажырасуға өтініш бермейді. Бұл жерде заңды түрде полиция қызметкерлерін басқа арнаға бұратын кейбір дүние бар. Мәселе мынада, біз жұбайы арыз бермейінше, азаматты полиция бөлімінде үш сағаттан артық ұстай алмаймыз. Сондай-ақ, әкімшілік жауапкершілікке тарта алмаймыз, - деді ол.
Бұған дейін қатыгез әкенің ұлдарын таяқпен тәрбиелейтіні туралы айтқанын хабарлаған едік.
Айта кетсек, желіде балаларын аяусыз соққыға жыққан ер азаматтың видеосы тарап, қоғам тарапынан қатты сынға ұшыраған еді. Аталмыш факт құқық қорғау органдарының назарына да ілікті. Қазығұрт аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Сол күні соққыға жығылған балалардың анасы да жұбайының үстінен арыз жазды. Кейіннен балаларын аяусыз соққыға жыққан әке қамауға алынғаны белгілі болды.