ІІМ «Дикий Арман» тобын әшкерелеу бойынша 3 арнайы операция жүргізді

14 Шілде 2023, 08:19
18123
Бөлісу:
ІІМ «Дикий Арман» тобын әшкерелеу бойынша 3 арнайы операция жүргізді
Фото: polisia.kz

ІІМ-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Бас прокуратураның үйлестіруімен Арман Жұмагелдиевтің ұйымдасқан қылмыстық тобын әшкерелеу және жою жұмыстарын жүргізуде,  деп хабарлайды BAQ.KZ  Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

ІІМ-нің мәліметінше, Ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен негізгі қатысушылары қамауға алынғанына қарамастан, оның басқа мүшелері адвокаттардың қызметтерін қаржыландыра отырып, құқыққа қарсы қызметпен айналысуын жалғастыруда. Тергеу процесінің қатысушыларына бұқаралық ақпарат құралдары және интернет желісі арқылы қысым көрсетуде.

Әзірленген жоспарға сәйкес аталған топтың қылмыстық әрекетінің жолын кесу үш кезеңде жүргізілді. Бірінші кезең халықаралық іздеуде жүрген, қылмыстық ортада «Нойс» деген лақап атымен белгілі Жұмагелдиевтің «оң қолы» басқаратын ұйымдасқан қылмыстық топтың негізгі криминалдық буынын жоюға бағытталды. Мәселен, 19 сәуірде Алматы қаласының, Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағында ауыр қылмыстарды жасауға, оның ішінде 2018 жылы Алматыда болған адам өлтіруге оқталуға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 мүшесі ұсталды, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Екінші кезеңде криминалдық ортада «Карась» лақап атымен белгілі «Дикий Арманның» тағы бір көмекшісі бақылайтын ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыру арнасы жойылды. 25-26 сәуір аралығында Алматы, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында 130-дан астам тінту жүргізіліп, заңсыз ойын бизнесіне және аталған ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыруға қатысы бар 53 фигурант ұсталған. Осы жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны және оны басқарғаны үшін Қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша екі қылмыстық іс тіркелді. Мамыр айында қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 266-бабымен қосымша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

12 шілдеде ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Бас прокуратураның ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен бірлесе отырып, операцияның үшінші кезеңін іске асырды. Сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай және Түркістан қалаларында «қаңтар оқиғасы» кезінде Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан 18 фигурантты ұстады. 36 тінту іс-шарасы жүргізіліп, бірнеше шолақ қару, тапаншалар, пышақтар, кастет, діни әдебиет, сондай-ақ тәртіпсіздікке қатысқан күдіктілердің киімдері тәркіленді, – деді Қуандық Алпыс.

Осы бағыттағы жедел іс-шаралар жалғасуда. Өзге мәліметтер тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды

Өзгелердің жаңалығы