Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрлігінде Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Фолькер Фробартпен кездесу өтті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Оған Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Қауіпсіздік және құқықтық тәртіп бөлімінің меңгерушісі Алексей Калайчиди, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, министрдің орынбасары, министрліктің әкімшілік полиция және кадр саясаты қызметтерінің басшылығы қатысты.
Марат Ахметжанов Қазақстанның ІІМ мен ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі арасындағы сындарлы қарым-қатынастарды атап өтті. Ол министрлік ЕҚЫҰ аясында адам саудасына, киберқылмысқа, заңсыз көші-қонға, есірткі бизнесіне қарсы, сондай-ақ, адам құқықтарын сақтауға бағытталған кең ауқымды мәселелер бойынша өткізілетін іс-шараларға белсенді қатысатынын хабарлады.
Офис басшысына ішкі істер органдарын реформалау, жергілікті қоғамдастықтың қажеттіліктеріне негізделген полиция бөлімшелерін басқарудың заманауи жүйелерін енгізу жөніндегі шаралар, ведомство жұмысының ашықтығы мен айқындығы туралы ақпарат берілді.
Сондай-ақ кездесуде Қазақстанда жүргізіліп жатқан полиция жұмысының сервистік моделін енгізу жөніндегі жобалар мен ынтымақтастықтың алдағы перспективалары талқыланды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделінің жобасы Қарағанды қаласында ЕҚЫҰ Офисінің қолдауымен іске қосылды, содан кейін барлық өңірлерде кеңінен қолданылды, онда осы халықаралық ұйым сарапшыларының қатысуымен 18 ведомствоаралық топты оқыту бойынша тренингтер өткізілді.
Жобаның мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікке және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешуге жергілікті қоғамдастықты барынша тарту.
Кездесу соңында министр ІІМ қылмысқа қарсы күрес, құқықтық тәртіпті және адам құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету саласындағы реформалар мен бастамаларды қолдау бойынша ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға мүдделі екенін атап өтті.