ІІМ балалардың жазғы демалыстағы қауіпсіздігіне қатысты үндеу жасады

Егер тұрғындар қараусыз жүрген балаларды, су айдындары мен жол бойындағы қауіпті жағдайларды байқаса, бейжай қалмай, тиісті органдарға хабарлауы қажет.

 BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 06:35
Бүгiн 2026, 06:35
290
Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін күшейтуге шақырды. Ведомствоның мәліметінше, дәл осы кезеңде кәмелетке толмағандардың қараусыз қалуы, құқықбұзушылықтарға баруы, жол-көлік оқиғаларына ұшырауы және судағы қайғылы жағдайлар қаупі артады.

ІІМ ата-аналардың жауапкершілігі ерекше маңызды екенін атап өтті. Балалардың қайда жүргенін, кіммен араласатынын және бос уақытын қалай өткізетінін бақылау қажет.

Сонымен қатар министрлік цифрлық қауіпсіздік мәселесіне де назар аударды. Қазіргі таңда балалардың көп уақыты интернетте өтетіндіктен, ата-аналар олардың қандай сайттарға кіретінін, әлеуметтік желілерде кіммен сөйлесетінін және буллинг пен зиянды контентке тап болмауын қадағалауы тиіс.

ІІМ ұстаздарды да жазғы демалыс кезінде отбасылармен байланыста болып, қиын жағдайдағы балаларға дер кезінде назар аударуға шақырды.

Ведомство қоғам белсенділігінің де маңызын атап өтті. Егер тұрғындар қараусыз жүрген балаларды, су айдындары мен жол бойындағы қауіпті жағдайларды байқаса, бейжай қалмай, тиісті органдарға хабарлауы қажет.

Сондай-ақ министрлік кәмелетке толмағандарға алкоголь мен темекі өнімдерін сату, түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүру деректері қатаң бақылауда болатынын ескертті.

Наверх