Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ІІМ өкілі алаяқтықтан сақтанудың жолдарын атады.
Ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару немесе несиені рәсімдеу туралы өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған адамдардың телефон арқылы нұсқаулықтарына ерімеу қажет. Құқық қорғау органдары арнайы операцияларды телефон арқылы жүргізбейді. Өздерін банк, полиция қызметкерлері ретінде таныстырған адамдарға дербес деректерді, пластикалық карталардың деректемелерін, аударымдар туралы түбіртектерді, әсіресе кодтар мен құпия сөздерді хабарламаңыз, - деп ескертті ведомство өкілі.
Айтуынша, белгісіз және тексерілмеген сайттарға және басқа көздерге жеке деректерді беру қауіпті.
Тексерусіз алдын ала төлем жүргізбеңіз. Тауарды алғаннан кейін төлем туралы келісуге тырысыңыз. Күмәнді шарттар бойынша аударымдарды жүзеге асырмаңыз, айқын табыс көзінсіз қаржы схемаларынан сақ болуға тиіс. Қосымшаларды орнату үшін тек ресми App store, Play market көздерін пайдаланыңыз. Белгісіз адамдардан келіп түскен сілтеме бойынша өтпеуге тиіс. Көбінесе алаяқтар төлем жасау үшін фишингтік болып табылатын сілтеме бойынша өтуді ұсынады, - деді Рүстем Дүйсетаев.
Сондай-ақ ол банкинг қызметіне қол жеткізу құпия сөздерін жиі өзгертуді ұсынды.
3D-қорғауды және банктер ұсынатын басқа қауіпсіздік шараларын қолданыңыз. Өз шоттарыңыздағы ақша қозғалысын жиі тексеру қажет, - дейді ол.