ІІМ: Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 38 іс қозғалды

Сондай-ақ полиция кәсіпкерлерге, білім беру ұйымдарына және азаматтарға қатысты жасалған 270-тен астам бопсалау фактісін анықтады.

 BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 08:54
Бүгiн 2026, 08:54
178
Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.

Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру, басқару және олардың қызметіне қатысу фактілері бойынша, оның ішінде трансұлттық сипаттағы қылмыстарға қатысты 38 қылмыстық іс тіркелген. Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру деректері бойынша да тергеу жүргізілуде.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, әртүрлі қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық ортаға қатысы бар 160-тан астам адам жауапкершілікке тартылып жатыр.

Сондай-ақ полиция кәсіпкерлерге, білім беру ұйымдарына және азаматтарға қатысты жасалған 270-тен астам бопсалау фактісін анықтады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында еліміздің өңірлерінде ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар 30-дан астам қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету де басым бағыттардың бірі болып отыр. Осы мақсатта Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен бірлескен жұмыстар нәтижесінде сотталғандардың мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбауы және қызметкерлерге қауіп төндіру фактілері бойынша 50-ден астам қылмыстық іс тіркелді.

Халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық аясында ІІМ бастамасымен «заңдағы ұры» санатына жататын және шетелдік қылмыстық орта өкілдері саналатын 500-ге жуық адамның Қазақстанға кіруіне тыйым салынды.

Сонымен қатар «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңды іске асыру шеңберінде 80-нен астам қылмыс анықталды. Зардап шеккендерге әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетіліп, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау шаралары қабылданды.

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және заң бұзғандардың жауапкершіліктен жалтармауын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді.

Наверх