ИИДМ тұрғын үй құрылысының шекті құнын белгілеуді жоспарлап отыр

8 Ақпан 2022, 09:23
1074
Бөлісу:
ИИДМ тұрғын үй құрылысының шекті құнын белгілеуді жоспарлап отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мұндай шешім бюджет қаражаты есебінен салынатын объектілерге қатысты болады.

ИИДМ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында құрылыс саласын цифрландыру және автоматтандыру жұмысын жүргізіп жатыр. 

Қазіргі уақытта "Е-Құрылыс" ақпараттық жүйесі әзірленді. Ол қазаншұңқыр қазудан бастап пайдалануға бергенге дейінгі құрылыс процесін онлайн-режимде бақылауға мүмкіндік береді. Жүйеге мемлекеттік сәулет -құрылыс бақылау органдары қосылып, техникалық қадағалаушылар мен инженерлік-техникалық қызметкерлердің барлық тізілімі жүктелген. Сондай-ақ, техникалық қадағалаушылардың барлық есебі беріледі, - делінген хабарламада.

"Е-Құрылыс" жүйесі техникалық қадағалау сарапшыларын объектілер бойынша бақылап, олардың түрлі өңірде қызмет көрсетуіне жол бермейді. Сондай-ақ, жобадан ауытқып кетсе немесе жұмыс толық көлемде орындалмаса, оларды қабылдамайды. 

Құрылыс жобаларының сметалық құнын жасанды жолмен көтеру тәуекелдерін азайту үшін онлайн-режимдегі "Онлайн калькулятор" жүйесі әзірленді. Бұл өңірге және объектінің техникалық өлшемдеріне байланысты жобаның шекті мәнін автоматты түрде есептеп, белгілеуге мүмкіндік береді, - делінген министрлік таратқан хабарламада.

Сондай-ақ, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік объектілер және тұрғын үйлер үшін шекті құнын белгілеу жоспарланып отыр. Яғни, құрылыс шығыны шектеулі болады.

Бұдан басқа, бүгінде министрлік аккредиттеу бойынша мемлекеттік қызметтердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жойды. Олар толығымен автоматтандырылған және 20 минут ішінде нәтижесін компьютер береді.

Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарына лицензия беру кезінде енді тікелей байланыс болмайды. Техникалық қадағалау, тексеру және жобаларды сараптау бойынша мамандарды аттестаттаудың бірыңғай жүйесінде тестілеу функциясы енгізілді. Онда сынақтан өтетін адамды ауыстыруға жол берілмейді және тестілеу нәтижелеріне бөгде ешкім әсер ете алмайды. Үрдісті биыл толығымен автоматтандыру жоспарланған. 

Қосымша рұқсат беру құжаттары бойынша мемлекеттік функцияларды міндетті түрде сақтандыра отырып, өзін-өзі реттеуге беру әзірленіп жатыр. Яғни, өз қызметін өздері реттейтін ұйымдар мамандарды аттестациялап, лицензиялар береді және олардың қызметі үшін жауапты болады.

ИИДМ құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою жұмыстарын басым бағытта жалғастыра береді.  

Өзгелердің жаңалығы