ИИДМ мен PSA International Pte Ltd Ақтау портындағы контейнерлік хаб жөнінде келісті

7 Сәуір 2022, 09:16
1234
Бөлісу:
ИИДМ мен PSA International Pte Ltd Ақтау портындағы контейнерлік хаб жөнінде келісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде вице-министр Берік Камалиев Сингапурдың PSA International Pte Ltd компаниясының вице-президенті Ли Пен Гимен кездесті. 

Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық перспективалары, оның ішінде Ақтау портында контейнерлік хаб құру жобасы, кедендік және сауда үрдістерін цифрландыру мәселелері талқыланды. Компания өкілдері Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен тасымалдарды одан әрі дамытуға қызығушылық танытты. Кездесу қорытындысында тараптар тиісті жол картасын бекітуге келісті. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ИИДМ Көлік комитеті Ақтау портында контейнерлік хаб құру бойынша жұмыс жүргізуде. Жоба «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енген. Контейнерлік хаб құру порт арқылы өтетін контейнер ағынын 100 мың ЖФЭ дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Биыл І тоқсанның қорытындысында Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы контейнерлік тасымал көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға өскенін айта кету керек.

Өзгелердің жаңалығы