Ақмола облысында түнгі уақытта иесіз жатқан катамаранға мініп, көлге шыққан жасөспірімдер құтқарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ТЖМ баспасөз қызметі мәлім еткендей, бес бала Қатаркөл көлінің жағалауында иесіз қалған катамаранды тауып алған. Оқиға Ақмола облысының Бурабай ауданында болған. Жағадан бес метр жүзіп кеткенде үш бала қорқып, катамараннан өз бетінше жүзіп, жағаға жеткен.
Катамаранда 2008 және 2014 жылы туған екі бала қалып қойды. Олардың біреуі жүзе алмады. Қатты желдің салдарынан катамаран жағалаудан 500 метр қашықтыққа алыстап кетті. Жағаға оралған балалар 112 нөміріне қоңырау шалып, құтқарушылардан көмек сұраған. Суда құтқару жасағының қызметкерлері тепловизоры бар ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдаланып, балаларды тапты. Қайықпен жеткен құтқарушылар оларды жағаға жеткізіп, жедел медициналық жәрдем көлігіне тапсырды, - деп жазылған хабарламада.
Кәмелетке толмағандардың ата-аналары ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.