Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 10 тамызда «Астана» концерт залы аймағында иесіз қалған иттер мен мысықтардың «Мені өзіңмен алып кет» атты көрме-жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шара ұйымдастырушылары – «Нұр-Сұлтан қаласы Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ, «Астана ветсервис» КМ және жануарлардың құқығын қорғайтын қоғамдық ұйым өкілдері.
Көрме-жәрмеңке мақсаты – шарадағы ит пен мысықтарға сенімді қожайын тауып, азаматтардың иесіз қалған жанаурлар мәселелесіне назарын аударту. Көрме–жәрмеңкеде сүйкімді мысықтар және ақылды иттермен жақынырақ танысып, ұнағанын үйге алып кетуге мүмкіндік бар.
Сондай ақ, шараға келушілерге уақытша баспанадағы иесін күтіп отырған өзге де жануарлардың суреттері ұсынылады. Осылайша, шара қатысушылары сүреттегі төрт аяқты достарын Ақсүмбе орамы, 1 үйде орналасқан уақытша баспанадан алып кете алады.
Аталған жәрмеңке осымен 2-рет ұйымдастырылып отыр, өткен жәрмеңке нәтижесі бойынша 60 қараусыз қалған ит пен мысық жаңа иесін тапқан.
Айта кету керек, қаңғыбас және қараусыз жануарларға арналған уақытша баспана 2017 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Қаладағы жануарларға арналған ең үлкен уақытша баспана осы. Бұл жерді 700-ге жуық ит, 60-тан астам мысық пана еткен. Аталған жануарлардың барлығы карантин, вакцинациялаудан өтіп, бүгінде мал дәрігері маманының бақылауында.