«І, ІІ топтың ақшасына қарап жүрген жоқпыз». Депутат мүгедектікті растау туралы айтты

1 Желтоқсан 2023, 10:34
999
Бөлісу:
«І, ІІ топтың ақшасына қарап жүрген жоқпыз». Депутат мүгедектікті растау туралы айтты
Фото: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков елімізде мүгедектікті растау қиындап бара жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат мүгедектігі бар тұлғалар жайлы депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдады.

Бүгінде бір өңірде ғана емес, еліміз бойынша кәсіби түрде протез жасайтын протезист маманы жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес 2023 жылы наурыз айы бойынша елімізде 715 мыңнан аса мүгедектігі бар тұлғалар тұрады. Өңірлерді алсақ, 5 өңірде осы жандардың тең жартысы тұрады екен. Олар: Түркістан облысында 97,1 мың, Қарағанды облысында 66,3 мың, Алматы облысында 64,5 мың, Шығыс Қазақстан облысы 50,2 мың және Алматы қаласында 57,1 мың адам тұрады екен, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Серіков атап өткендей, ауылдық жерлерде 305,5 мың немесе 42,7 пайызы, оның ішінде Түркістан облысы 76,3, Алматы облысы 73,6, Жамбыл облысында 64,7 пайызы тұрады. Сонымен қатар тірек-қимыл аппаратының бұзылуымен 200 мыңнан аса адам бар.

Айтуынша, мемлекет І, ІІ, ІІІ топ мүгедектеріне тегін протез жасауға кепіл болғанымен ол іс жүзінде өте баяу іске асып жатыр.

Мүгедектікті растау бойынша көптеген мәселе туындап жатыр. Мысалы, бір қолы, бір көзі, бір аяғы жоқ жандарға ІІІ топ берілген, аяқ протезі жүру қозғалысы үшін болса, қолдың, көздің функциясы мүлде бөлек. Әлеуметтік жеңілдіктердің көбісі І және ІІ топқа берілгендіктен көптеген мүгедек жандар осы топқа тіркесе дейді. ІІІ топта мұндай жеңілдіктер жоқ десе болады, - дейді ол.

Серіков өз ұсынысын айтты.

Оған дәлел ретінде мысал айтар болсам, маған түскен көп өтініштің бірі «қыз бала бір қолы кемтар туылған, өспей қалған, атқару функциясы жойылған. Бірақ оған ІІІ топ қана берілген. Сол себепті ол адам 50 жыл бойы ІІІ топты қайта-қайта растап жүр. Осыдан-ақ әлеуметтік жауапкершіліктің жоқтығын көріп отырмыз. Біз бұдан І, ІІ топтың ақшасына қарап жүрген жоқпыз, біз бұдан әлеуметтік әділдікті іздейміз. Осыған орай Парламент қабырғасында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен инклюзивті Парламентпен бірге №260 бұйрықты ақылдаса отыра талдау керек, - деп ұсыныс айтты депутат.

Өзгелердің жаңалығы