Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті "HRT" атауымен белгілі қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұйымдастырушылар азаматтарға заңды инвестициялық жоба ретінде ұсынылған схеманы жарнамалап, оған электросамокаттарды сатып алу және оларды Еуропа елдерінде жалға беру арқылы пайда табуға болады деп сендірген.
Жобаға қатысу үшін қатысушылардан арнайы "HRT" шотына криптовалюта аудару талап етілген.
Негізгі шарт – кем дегенде екі жаңа салымшы тарту болатын.
200-ден астам азамат жобаға 50 АҚШ долларынан 35 мың АҚШ долларына дейінгі қаражаттарын салып, ай сайын 1 200 АҚШ долларына дейін сыйақы алып отырамыз деп үміттенген. Заңсыз алынған кірістің жалпы сомасы 28 млн теңгеден асты, - делінген ҚМА хабарламасында.
Тергеу барысында күдіктілер салымшылардың ақшасына екі автокөлік – "BMW 530I Xdrive" және "Changan Alsvin" сатып алғаны анықталды. Аталған көліктерге сот санкциясымен тыйым салынды.
Күдіктілерге қатысты үйқамақ ретіндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Сонымен қатар қазіргі уақытта "HRT" қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін еліміздің жеті өңірінде – Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында құру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды.
Айта кетейік, Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосулы. Егер сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуді сұраймыз. Азаматтарды сақ болуға және күмәнді қаржылық ұйымдарға жинақтарын салмауға шақырамыз, - деп ескертті Қаржылық мониторинг агенттігі.
Бұған дейін Семейде қаржы пирамидасын құрған екі адам сотталғанын хабарлаған болатынбыз. Белгілі болғандай, Семей қаласының №2 соты екі қала тұрғынын қаржы пирамидасын ұйымдастырып, оған қатысқан 26 азаматқа жалпы сомасы 20 млн теңге залал келтіргені үшін кінәлі деп таныды.
Осыған ұқсас жағдай Қостанайда да болған. Онда "Finiko" қаржы пирамидасын құрған әйел 7 жылға сотталды.