Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Елшісі Төлежан Барлыбаев әскери қабірлерді іздеумен және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендердің есімдерін анықтаумен айналысатын Хорватияның еске алу қауымдастығының жетекшісі Дамир Яшаревичпен кездесті, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
Кездесу барысында сұхбаттасушылар Штригово ауылындағы кеңес жауынгерлерінің бауырластар зираты тұрған жерде Мемориал мен Достық саябағын салу жобасының барысын талқылады. Кешеннің ресми ашылуы 2021 жылдың күзіне жоспарланған. Хорватия аумағында бауырластар зираттарында жерленген сарбаздар мен офицерлердің есімдерін анықтау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.
Т. Барлыбаев Хорват тарапына фашизмге қарсы қаза тапқан жауынгерлерді мәңгі есте қалдыру жөніндегі қызметі үшін ризашылығын білдірді. Дипломат қазақстандықтардың Еуропаны фашизмнен азат ету жолындағы күресіне қосқан елеулі үлесін, сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыстың Югославия аумағындағы ең ірі ұрысы – Батина шайқасындағы қазақстандық сарбаздардың ерлігін атап өтті.
9 мамырда Батина ауылындағы Жеңіс ескерткішіне Қазақстан, Ресей және Әзербайжан елшіліктерінің, Хорватияның ардагерлері мен антифашистік ұйымдарының, сондай-ақ жергілікті билік пен қоғам өкілдерінің қатысуымен гүл шоқтарын қою рәсімі жоспарланған.Батинадағы естелік кешені 1947 жылы екі мыңнан астам кеңес сарбаздарының сүйектері жерленген бауырластар зиратының орнына салынған, - делінген хабарламада.
Қаза тапқан қаһармандардың арасында Батина шайқасы кезінде 315-ші атқыштар дивизиясының 22-ші атқыштар ротасын басқарған Қарағанды облысының тумасы Хамит Садуов та бар. 1944 жылы 19 қарашада оның ротасы қиян-кескі ұрыста фашистердің шабуылына ерлікпен тойтарыс беріп, жаудың 230 солдаты мен офицерін жойды. Батылдық пен ерлігі үшін шайқаста қайтыс болған Х. Садуовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.