Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Беларусь спортшылары мен командаларына халықаралық жарыстарға қатысу бойынша бұрын енгізілген шектеулерді алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Ұйымның ресми мәлімдемесінде атқарушы кеңес енді беларусь спортшыларына қатысты ешқандай қосымша шектеу енгізбеуді ұсынатыны айтылған. Бұл шешім халықаралық федерациялар мен спорттық жарыстарды ұйымдастырушылар өткізетін турнирлерге де қатысты.
ХОК бұған дейін 2022 және 2023 жылдары енгізілген “қорғаныс шараларын” алып тастаған. Ол кезде шектеулер Украинадағы соғыс пен геосаяси жағдайға байланысты қабылданған болатын.
Жаңа ұстанымға сәйкес, спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуы олардың елдерінің саяси әрекеттеріне тікелей байланысты болмауы керек деген қағидаға сүйенеді.
ХОК өкілдері беларусь спортшылары бұған дейін де Олимпиада ойындарына бейтарап мәртебеде қатысқанын және спорттық ареналарда саяси оқиғалар тіркелмегенін атап өтті.
Сонымен қатар ұйымның шешімі әзірге Ресей спортшыларына қатысты қолданылмайтыны нақты айтылған. Ресей Олимпиада комитетінің жағдайы бөлек қарастырылып жатыр.
Шешімге сәйкес, кейбір халықаралық федерациялар, соның ішінде World Aquatics, бұрыннан бірқатар спортшыларға шектеулерді ішінара жеңілдеткен болатын.