Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындары аяқталды. Қазақстан медаль саны бойынша 11-орынға тұрақтады. Ел қоржынына қай спортшыларымыз жүлде салды? Осы орайда шолу жасаған едік, деп хабарлайды, BAQ.KZ.тілшісі.
14 күнге созылған байрақты бәсекеге еліміздің атынан 30 спорт түрінен 524 спортшы (262 ер, 262 әйел) бақ сынады. Оның ішінде Олимпиада бағдарламасына кіретіні 27, қалған үшеуі - олимпиадалық емес спорт түрі. Еліміз мұндай маңызды шараға сегізінші рет қатысып жатыр. Байрақты бәсекеде спортшыларымызға артылған жүк ерекше.
Алтын алудан үмітімізде зор болды. Жарыста стенд атудан скит бағдарламасы бойынша сынға түскен әйелдер құрамасы Әсем Орынбай, Зоя Кравченко, Ольга Панарина ел қоржынына алғашқы алтынды алып келіп, жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды. Бұрымды мерген қыздарымыз 1-орынға ие болып қана қоймай, жалпы 350 балл жинап, Азиада рекордын орнатты. Олар Қытай (348 ұпай) және Таиланд (342 ұпай) командаларынан озып кетті.Сондай-ақ аралас командалық сайыста өнер көрсеткен Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко жұбы финалда жақсы нәтиже көрсетіп, чемпион атанды. 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқу ату сайысында 18 жастағы Зухра Ирназарова екінші алтынды сыйлады.
Одан кейін каноэде ескек есуден 500 метрге жарыста бақтарын сынаған Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров қарсыластарынан оза шығып, төртінші алтынды алып келді. 500 метрді 1 минут 49 секундта бағындырған отандастарымыз Азия чемпионы атанды. Екінші және үшінші орынды Жапония мен Иран спортшылары иеленді.
Велоспорттан да еліміз жүлдеден кенде қалмады. Велошабандоздарымыз жарады. Тас жолдағы веложарыста сынға түскен Алексей Луценко 39,7 шақырымға созылған жекелей есеп сайысында үздік нәтиже көрсетіп, Азия ойындарының үш дүркін чемпионы атанды. Бұған дейін Алексей 2014 жылы Инчхонда және 2018 жылы Джакартада жеңімпаз болған.
Ал, алтыншы алтынды тағы да велошабандозымыз алып қуантты. Веложарыстан топтық сайысында Евгений Федоров чемпион болды.Джиу джитсудан да отандастарымыз жақсы нәтиже көрсетті. 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұржан Батырбеков финалда БАӘ келген қарсыласы Мұхаммед әл-Суваидиді 4:2 есебімен жеңіп, Азия ойындарының чемпионы атанды.
Ел қоржынына сегізінші алтынды каратэші Нұрқанат Әжіқанов алып келді. Каратэден 75 келі салмақта Токио Олимпиадасының қатысушысы, әлем чемпионатынының 2 мәрте қола жүлдегері Нұрқанат Әжіқанов финалда Хасан Масарвехті (Иордания) 8:0 есебімен жеңді. Сондай-ақ дәл осы спорт түрінен Қайсар Алпысбай 60 келі салмақ дәрежесінде чемпион болды. Каратэші аруларымыз да жүлдесіз қалмады. 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Софья Берульцева финалда непалдық Арика Гурунгті 3:0 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Осылайша еліміз 10 алтын медальді қоржынға салды.
Күміс пен қола жүлде иегерлері
Алғашқы күміс жүлдені дзюдодан 48 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Абиба Абужақынова салды. Финалдық бәсекеде сынға түскен Абиба үш дүркін әлем чемпионы жапониялық Натсуми Цунодаға есе жіберді. Ал жігіттерден. 60 келіге дейін салмақта жарыс жолына шыққан Мағжан Шамшадин қолда жүлдені місе тұтты. Дәл осы спорт түрінен 81 келіде өнер көрсеткен Абылайхан Жұбаназар қола үшін белдесуде өзбекстандық Мусо Сабировтан басым түсті. 63 келіде татами төріне шыққан аруымыз Эсмигуль Куюлова қола медальді мойнына тақты. 100 келіге дейін салмақта күресіп жатқан Нұрлыхан Шархан да қола жүлдегер атанды. Грек-рим күресінен жарыс жолына шыққан Мейіржан Шермаханбет Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. 77 келіде Азат Садықов қола жүлдегер болды. 29 жастағы Әлімхан Сыздықов 130 келі салмақта қоланы қанағат тұтты. Әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова күміс жүлдегер.
Ал, жарыстың екінші күнінде оқ атудан Никита Чирюкин қола жүлдегер атанды. 10 метрден пневматикалық винтовкадан оқ атудан аралас командалық сайыста Ислам Сәтпаев пен Александр Ле қола жүлде иеленді. Медаль үшін күресте спортшыларымыз Иран командасын 17:11 есебімен жеңді. Мергендеріміз жарыстың үшінші күнінде жақсы нәтиже көрсетті. 10 метр қашықтықтан жылжымалы командалық сайыста Бахтияр Ибраев, Андрей Худков, Асадбек Назиркуляев 2-орын алып, Азия ойындарындағы екінші күмісті қоржынға салды. Семсерлесу спортынан ел намысын қорғаған Эльмир Әлімжанов қола жүлдені жеңіп алды. Стенд атудан скит бойынша командалық бәсекеде чемпион атанған Әсем Орынбай жекелей сында қола жүлдегер атанды. Жүзуден де отандастарымыз жүлдесіз қалмады. 100 және 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзу барысында Әділбек Мусин 3-орын алып Азия ойындарының екі дүркін қола жүлдегері атанды.
Азия ойындары аясында Ушу-саньда сайысы бойынша Ұлттық құрама мүшесі Аян Тұрсын ел намысын қорғап, қола медаль жеңіп алды. Бұл спорт түрі Азия ойындарының бағдарламасына 1998 жылдан бері бар. Ал, әйелдер арасындағы бәсеке 2010 жылы қосылған. Семсерлесу спортынан сынға түскен ерлер құрмасы Артем Саркисян, Мұхамедәлі Рахманәли, Назарбай Саттархан, жанат Нәбиев жарыстан жүлдесіз қайтпады. Командалық бәсекеде Оңтүстік Кореяға 41:45 есебімен жол беріп, қола жүлдені қанағат тұтты. Жағажай волейболынан Сергей Богату мен Дмитрий Яковлев қола медаль үшін өткен тартыста Иран құрамасын екі сетте 25:23, 30:28 ұпайымен ұтып, жүлдегерлердің қатарынан табылды.
Таеквондодан 67 келі салмақта бақ сынаған Жансель Дениз жартылай финалда Оңтүстік Корея спортшысы Дабин Лиге 1:2 есебімен ұтылып, 3-орынға ие болды. Осы спорт түрінен ел намысын қорғағанг Смайыл Дүйсебай +80 келіде қола жүлдені жеңіп алды.10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға көздеу сайысында еліміздің әйелдер құрамасы Зухра Ирназарова, Фатима Ирназаров, Александра Садуақасова 2-орынға ие болды. Спорттық гимнастикадан ат снарядында жарыс жолына шыққан Нариман Құрбанов қола жүлде алды. Триатлон спортынан Аян Бейсенбаев – Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Аян жүзуден 1500 метрді бағындырып, велоэтаппен 40 шақырым жүріп, 10 км жүгіріп жақсы нәтиже көрсетті.
Семсерлесуден ерлер құрамасы күміс жүлде алып келді. Құрамында Ерлік Сертай, Елмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов өнер көрсеткен финалдық бәсекеде Жапонияға есе жіберді. Ал, велотректен мэдисон бағдарламасы бойынша сынға түскен ерлер құрамасы Артем Захаров, Рамис Дінмұхамедов финалдық бәсекеде 3-орыннан көрінді. Осылайша олар қола жүлдеге ие болды. Стенд атудан трап бағдарламасы бойынша командалық сайыста әйелдер құрамасы Мария Дмитриенко, Айжан Досмағамбетова, Анастасия Прилепина 3-орын алып, қолаға қол жеткізді. Кураш спортынан ел намысын қорғаған Бекәділ Шаймерденов 81 келіде қоржынымызға күміс жүлдені салды.Ел қоржынына кезекті қола медальді Сағындық Тоғамбай алып келді. Ол жартылай финалда алаң қожайыны Хан Сюэчжэньге ғана есе жіберді. Су добынан аруларымыз 3-орынға ие болып, қола жүлдегер атанды. Байдарка мен каноэде ескек есуден ерлердің жекелей сайысы финалында бақ сынаған Тимофей Емельянов 1000 метр қашықтықты 4 минут 18.81 секундта бағындырып, қола жүлдеге ие болды. Кирилл Тубаев 1000 метр жекеде байдаркада есуде үшінші орын алды. Байдаркада және каноэде есуден WК2 500 м бағдарламасында өнер көрсеткен Шмелева Ольга мен Подойникова Ирина жұбы 1:51 көрсеткішімен 2-ші орынға қол жеткізді. Бір адамдық каноэда 200 метр қашықтықта жарыс жолына шыққан 18 жастағы Мария Бровкова Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал, 400 метр қашықтыққа кедергімен жүгіру сайысында Аделина Земс 57.16 секунд нәтижесімен өз тобында 3-орын алды. Слаломды есуден Александр Куликов қола жүлдегер. Ал, әйелдер арасындағы финалдық сайыста 19 жастағы Анастасия Ананьева мәреге екінші жетіп, күміс жүлдегер атанды.
Батуттық гимнастикадан 18 жасар Виктория Бутолина қола жүлдені жеңіп алды.Ал, Данил Мусабаев күміс жүлдеге ие болды. 4×400 метрге эстафеталық жүгіру сайысында Қазақстан құрамасы Дмитрий Коблов, Александра Залюбовская, Давид Ефремов, Аделина Земс Бахрейн мен Үндістаннан кейінгі 3-орынды иеленді. Тас жолдағы велоспорттан жекелей есеп сайысында сынға түскен Рината Сұлтанова алғаш рет Азиия ойындарында 3-орын алды. Ағайынды Сергей және Тимофей Емельяновтар байдаркада және каноэде ескек есуден жұптық жарыстың МС2 1000 м бағдарламасында күміске қол жеткізді. 200 метрге каноэде есуден финалдық жарыста Маргарита Торлопова мен Ульяна Кисилева жұбы мәреге Қытайдан кейін келіп екінші орын алды. Наджежда Дубовицкая биіктікке секіруден Азия ойындарында екінші мәрте қатарынан 3-орынға ие болды. 5000 метр қашықтыққа жүгіруден финалдық сайыста Каролин Чепкоеч Кипкируи қола жүлдегер атанды.
Бокстан 66 келідегі Наталья Богданова жартылай финалдық жекпе жекте әлем чемпионатының 2 мәрте жүлдегері Жанжаем Суваннафенгке жол беріп, қола жүлде бұйырды. Сондай-ақ 57 келі салмақта рингке шыққан Карина Ибрагимоваға күміс жүлде бұйырды. Бокстан ауыр салмақта шаршы алаңға шыққан Қамшыбек Қоңқабаев күміс жүлдегер атанды.
Ауыр атлетикадан Александр Уваров Азия ойындарында 3-орынға қол жеткізді.
Джиу-джитсудан Мансұр Хабибулла (62 кг) Алдияр Серік (69) Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. 57 келі салмақта қыздар арасында Галина Дуванова күміс жүлдегер.
Каратэден 84 келі салмақта әлем чемпионатының қола жүлдегері Данияр Юлдашев Малайзия спортшысы Бин Аб Маликке есе жіберіп, күміс жүлде бұйырды. Каратеден 61 келі салмақта бақ сынаған Әсел Қанай 3-орын үшін өткен кездесуде Иран спортшысы Атуша Голшаднежадтан 1:0 есебімен басып түсіп, қолаға қол жеткізді. Ерлер арасында 67 келіге дейін салмақ дәрежесінде отандасымыз Дидар Әмірәлі қола жүлдегер атанды. 50 келіде жарыс жолына шыққан Мөлдір Жаңбырбай күміс жүлдемен аяқтады.
Көркем гимнастикадан ХІХ жазғы Азия ойындарының командалық көпсайыс бәсекесінде Қазақстан құрамасы күміс медаль еншіледі. Эльжана Таниева, Эрика Жайлауова және Милана Парфилова бастаған ұлттық құраманың үштігі 4 жаттығудан кейін 317.100 ұпаймен екінші орынға табан тіреді.
Әртістік жүзуден дуэт бағдарламасында сынға түскен ясмин Тұяқова мен Арина Пушкина 3-орын алды.
Қазақстан спортшылары Азия ойындарында 10 алтын, 22 күміс пен 48 қола медаль алды. Жалпы командалық есепте еліміз үздік ондықтың қатарына кіре алмады. Яғни, Қазақстан құрамасы жиыны 80 медальмен 11 орынға тұрақтады. Азия ойындарында 201 алтын, 111 күміс, 71 қола алған Қытай бірінші орынға жайғасты..