ХЭА Ормуз бұғазындағы дағдарысты энергетика тарихындағы ең ірі күйзеліс деп атады

Агенттік бағалауынша, әлемдік нарықтар бұрынғы тұрақтандыру тетіктеріне енді толықтай сүйене алмайды. Дағдарыстың негізгі ауыртпалығы энергия бағасының қымбаттауы арқылы тұтынушыларға түсіп жатыр.

 pixabay 20 Қараша 2026, 08:15
20 Қараша 2026, 08:15
186
Фото: pixabay

Халықаралық энергетика агенттігі (ХЭА) жанармай бағасының өсуін тежеуге арналған қорлардың таусылғанын ескертті. Агенттіктің мәліметінше, Таяу Шығыстағы қақтығыс ұзаққа созылса, мұнай мен газ жеткізудің жаһандық бағыттары түбегейлі өзгеруі мүмкін. Бұл туралы агенттіктің «2026 жылғы әлемдік энергетикалық шолу» (World Energy Outlook 2026) баяндамасында айтылды.

Таяу Шығыстағы қақтығыс әлемдік энергетикалық қауіпсіздікке бұрын-соңды болмаған қауіп төндірді. Мұндай қорытынды Халықаралық энергетика агенттігінің (МЭА) жыл сайынғы негізгі баяндамасында айтылған.

Агенттік бағалауынша, әлемдік нарықтар бұрынғы тұрақтандыру тетіктеріне енді толықтай сүйене алмайды. Дағдарыстың негізгі ауыртпалығы энергия бағасының қымбаттауы арқылы тұтынушыларға түсіп жатыр.

Ормуз бұғазындағы дағдарыс энергетикалық қауіпсіздікке тарихтағы ең ірі қатер төндірді. Оның ауқымы 1970 жылдардағы мұнай дағдарыстарынан да асып түсті, – деп жазды МЭА атқарушы директоры Фатих Бирол баяндамаға арналған алғысөзінде.

Қақтығыс 2026 жылдың ақпан айында АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларынан кейін ушыға түсті. Бұған жауап ретінде Тегеран Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын іс жүзінде тоқтатып, мұнай танкерлеріне шабуыл жасай бастады.

Әскери қақтығысқа дейін әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен бестен бір бөлігі, яғни тәулігіне 20 миллион баррельге жуық мұнай осы бұғаз арқылы тасымалданатын.

АҚШ кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында әскери сүйемелдеу ұйымдастыруға тырысқанымен, Парсы шығанағы елдерінен мұнай экспорттау бағыттары әлі де айтарлықтай бұзылған күйде қалып отыр.

МЭА деректеріне сәйкес, қараша айына дейін әлемдік нарыққа 2,8 миллиард баррель мұнай мен 60 миллиард текше метр газ жеткізілмеген.

Отын бағасы қорлардың сарқылуына байланысты қымбаттады. Мұнай өндіруші елдер өндіріс көлемін арттырып, балама құбыр желілерін іске қосқан. Ал Қытай ашық нарықтағы сатып алуларын қысқартқан. Соған қарамастан, тұтынушылар жоғары баға мен жекелеген аймақтардағы отын тапшылығына тап болды.

2026 жылғы соғыстың Парсы шығанағындағы жағдайды қалай өзгерткені туралы толығырақ материалдан оқыңыз.

Дағдарыс ұзаққа созылса не болады?

МЭА баяндамасында Таяу Шығыстағы тұрақсыздық ұзаққа созылған жағдайда қалыптасуы мүмкін ахуалды сипаттайтын Additional Response Case және Low Hormuz Case атты қосымша сценарийлер ұсынылған.

Бұл сценарийлер бойынша елдер мұнай мен газды тасымалдаудың балама құбыр желілерін жедел салуға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және атом энергетикасына қайта бет бұруға мәжбүр болуы мүмкін.

Сонымен қатар көлік саласын жаппай электрлендіру үдерісі жеделдеуі ықтимал.

Осылайша, Ормуз бұғазындағы дағдарыс тек мұнай мен газ нарығына ғана емес, әлемдік энергетика жүйесінің болашақ бағытына да елеулі өзгеріс әкелуі мүмкін.

Наверх