Халықаралық энергетикалық агенттікке (МЭА) мүше елдер стратегиялық қорларынан шамамен 325 млн баррель мұнай мен мұнай өнімдерін босатты.
Бұл туралы Euronews жазды.
Бұл – мемлекеттердің наурыз айында нарыққа шығаруға міндеттенген 400 млн баррелінің 80%-дан астамы. Шешімді мұнай нарығындағы жағдайды бағалау және жеткізілімдердің қысқаруына байланысты шараларды талқылау үшін шақырылған МЭА елдері үкіметтерінің кезектен тыс отырысы қорытындысы бойынша агенттікке мүше 32 мемлекет бірауыздан қабылдаған.
Осылайша, бастапқы көлемнен шамамен 75 млн баррель қалды. Бұл қорлардың «Үлкен жетілік» елдерінің мұнай мен мұнай өнімдерінің 100 млн баррелін босату туралы жаңа шешімімен байланысты-болмағаны әзірге белгісіз.
Бұған дейін G7 елдері МЭА-мен үйлесе отырып, нарыққа 100 млн баррель шикі мұнай мен дизель отынын шұғыл шығаруға келіскен болатын. Жеткізілімдер төрт айға есептелген, оның ішінде дизель отынының едәуір бөлігін алғашқы 20 күнде босату жоспарланып отыр.
G7 мәлімдемесінде жаңа 100 млн баррель көлеміне МЭА-ның наурыздағы міндеттемесінен қалған 75 млн баррель кіре ме, әлде бұл қосымша қорлар ма – нақтыланбаған.
Әлемдік отын нарығына жеткізілімдердегі іркілістер айтарлықтай қысым түсіріп отыр. Жағдайды Ормуз бұғазы арқылы теңіз тасымалына қойылған шектеулер және мұнай өңдеу көлемінің қысқаруы қиындатып отыр.
G7 елдері мұнай өңдеу зауыттарындағы техникалық қызмет көрсету кестелерін үйлестіруге және мүмкіндік болса, олардың жүктемесін арттыруға да келісті. Ірі мұнай өңдеу қуаттарына ие мемлекеттерге мұнай өнімдерін, ең алдымен дизель отынын өндіру көлемін арттыру ұсынылды.