Чехияның Прага қаласы маңындағы жеке хайуанаттар бағында арыстан қашып шығып, күзетшіге шабуыл жасады. Бұл туралы Novinky.cz басылымы полиция өкілі Власт Суханковаға сілтеме жасап мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Полиция дерегінше, оқиға сағат 19:58 шамасында Зволен аймағында болған. Арыстан күзетшінің қоршауынан қашып, оған шабуыл жасаған. Ер адам жеңіл жарақат алған.
Біз дереу оқиға орнына бардық. Жағдайға байланысты табельдік қару қолданылып, арыстан бейтараптандырылды, - деді Суханкова.
Жыртқыштың шабуылынан зардап шеккен күзетшіге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Ол ауруханаға жатудан бас тартып, оқиға орнында қалды. Қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр.
Бұған дейін, 2 тамызда Иерусалимде барыстың шабуылынан хайуанаттар бағының қызметкері қаза тапқан еді. Ол экскурсия алдында жыртқыштарды дайындау кезінде қоршаудан шыққан барыстың құрбаны болды.