Хасан Қасымбаев деген кім?

4 Қараша 2024, 11:55
2872
Бөлісу:
Хасан Қасымбаев деген кім?
Фото: Хасан Қасымбаевтың әлеуметтік желісінен

Желіде "Хуторские" қылмыстық тобының лидері болуы мүмкін деген Хасан Қасымбаев кім? Оны "Хуторские" қылмыстық тобымен не байланыстырады? Қасымбаев немен айналысады? BAQ.KZ тілшісі азаматқа қатысты деректер жинады.

Хасан Қасымбаев 1984 жылы Алматы облысы, Кеген ауданы, Қарқаралы ауылында дүниге келген. Қарқаралы елді мекенінде 8-сыныпқа дейін білім алып, кейін ата-анасы 1998 жылы жұмыс бабымен Талғар ауданына қарасты Рысқұлов ауылына көшіп келген. Хасан сол жердегі №16 мектепте білімін жалғастырған. Мектепті бітірген соң, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетіне оқуға түскен. Өзінің айтуынша, университетті тәмамдаған соң біраз жылға Қызылорда облысына жұмыс істеуге кеткен. 2011 жылы Қызылорда облысынан Талғар ауданына қайта оралған. 2011 жылдан кәсіппен айналысып келеді. 2015 жылдан бері Талғар қаласында тұрады.

Қасымбаевтың туған бауыры Аслан Қасымбаев Талғар ауданы әкімінің аппарат басшысы болып жұмыс істеген. Алайда, ол 2024 жылғы 15 қазанда қызметтен шеттетілді. Сол күні Аудан әкімі мен оның орынбасары да сөгіс алды.

Ал ең кіші інісі Ержан Қасымбаев 2017 жылы 14 жылға бас бостандығынан айырылған. Қазіргі таңда жазасын түрмеде өтеп жатыр.

"Хуторские" қылмыстық тобы деген әңгіме қайдан шыққан?

Қасымбаев Рысқұлов ауылы бұрын "Хутор" деп аталғанын, кейін тәуелсіздік алған жылдары Рысқұлов есімі берілгенін айтады. Бірақ елдің бәрі әлі күнге дейін Хутор деп айтайтын көрінеді.

"Хуторские" қылмыстық тобының лидері дегеннің қайдан шыққанын әлі күнге дейін түсінбеймін. Заң бұзбағанмын, сотталмағанмын. Адал жұмыс істеп жүрген адаммын, - дейді Қасымбаев orda.kz сайтына берген сұхбатында.

Бүгін Алматы облысының полициясы Хасан Қасымбаевты қамауға алды. Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, биыл 2 қараша күні Х.Қасымбаев 2021 жылы маусымда А. атты азаматты ұрлап, денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі таңда қылмыстардың барлық жағдайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді. Тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды, - деп мәлімдеді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Осыдан бірер ай бұрын желіде Хасан Қасымбаев "Хуторские" қылмыстық тобының жетекшісі болуы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Кейін Қасымбаев оны жоққа шығарып, бейнеүндеу жариялады. Ол қылмыстық топқа қатысы жоқ екенін айтты.

Айта кетейік, Хасан Қасымбаевтың ұсталуына қатысты полиция қосымша деректермен бөлісті.

Өзгелердің жаңалығы