Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Премьер- министрге жұмыс орнындағы харассмент және зорлық-зомбылық туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қоғамды тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі айрықша алаңдатып отырғаны белгілі. Соңғы 3 айда елімізде осы бағыттағы заң бұзушылықтың 4 есе артқаны – соның айғағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше: «Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты Заң мен тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек» деп атап көрсетті.
Расында әдепсіз әрекеттер әдетке айналып келеді. Кейбір азаматтар өзгелерге түрлі деңгейде тиісу, дөрекелік таныту, зәбір көрсету, қысым жасауды қалыпты жайт ретінде қабылдайды. Қылмыстың кез келген түрін ақтауға болмайды. Озбырлық түбі – ойран. Сондықтан заң бұзушылыққа мүлдем төзбеу, зорлық-зомбылыққа ымырасыз болу мәдениетін дамытуымыз керек. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде өткізу, үлкен ұжымдарда жауапты арнайы қызметті бекіту қажет деп ойлаймыз, - деді Дархан Қыдырәлі.
Осы ретте БҰҰ мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесіп жүргізген «ҚР еңбек саласындағы харассмент пен зорлықтың деңгейін, негізгі себептерін зерттеу» көрсеткендей, жұмыс орнындағы харассмент мәселесі де өзекті.
Зерттеуде респонденттердің жартысынан астамы (51%) Қазақстанда жұмыс орнында харассмент пен зорлықтың бар екенін растаған. Харассментке ұшырағандардың 57,6% бұл фактілердің бірнеше рет болғанын атап өткен. Бұл орайда харрасменттің белгілі бір тұлғаға физикалық қана емес, менталды немесе эмоциялық қысым көрсетуі екенін ескеру қажет. Зерттеу көрсеткендей, харассмент жиі болатын жерлер – тұрақты жұмыс орны (41%) және корпоративтік іс-шаралар (38%). Азаматтардың уақытының көп бөлігі жұмыс орнында өтетінін ескерсек, бұл алаңдарлық жайт.
Елімізде харассменттің алдын алатын арнайы заңның болмауы да үлкен мәселе. Жазаланбай жеңіл құтылатынын білетіндер түрлі жүгенсіздікке барады, қылмысты қымсынбай жасайды. Сондықтан қорғансыздың күнін кешпеу үшін азаматтарымызды зорлық-зомбылық мен харассменттен қорғауда заңнаманы күшейту кезек күттірмейтін іс. Заң үстемдігі салтанат құратын әділетті Қазақстанда кез келген жастағы немесе жыныстағы азамат кез келген жерде өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуі керек, - деді Сенатор.
Халықаралық еңбек ұйымының №190 «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы» Конвенциясы бар. 2019 жылғы 21 маусымда қабылданған конвенцияны әлемнің 19 елі ратификациялаған. Қазақстанның құжатқа қосылғаны маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Жыл сайын БҰҰ 25-ші қараша мен 10 желтоқсан аралығында зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік өткізеді. Қазақстан да осы күндерді тиімді пайдаланғаны жөн деп ойлаймыз.
Осыған орай төмендегідей сұрақтар туындайды:
Қазақстан заңнамаларында, атап айтқанда қылмыстық, еңбек, әкімшілік кодекстерде жұмыс орнындағы харассмент немесе зорлық-зомбылық ұғымдарын енгізу, мұндай заң бұзушылықтарға қарсы тиісті жазаны белгілеу қай деңгейде жүргізілуде?
Еліміз халықаралық еңбек ұйымының «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы» Конвенциясына қашан қосылады?
Жалпы харрасметке немесе зорлық-зомбылыққа қарсы кешенді іс-шаралар жоспары бар ма?, - делінген депутаттық сауалда.