«Хан Шатырда» коронавирусқа қарсы егу пункті ашылды

17 Сәуір 2021, 12:21
1407
Бөлісу:
«Хан Шатырда» коронавирусқа қарсы егу пункті ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығында қала тұрғындарын коронавирусқа қарсы егу пункті ашылды. Бұл туралы қала басшысы Алтай Көлгінов Іnstagram парақшасында жазды.

Осы демалыс күндері тестілік режимде СОО ұжымы вакцина алады. Ал дүйсенбіден бастап (19 сәуір) қала тұрғындары да екпе ала алады. Вакцинация пункті гипермаркеттің жанындағы бірінші қабатта орналасқан. СОО-да вакцинациялауға ниет білдірушілерді қабылдау кестесі сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін, - деп жазды қала басшысы.
Бұған дейін вакцинация пункті «Mega Silk Way» СОО-да іске қосылды. Сондай-ақ «Keruen», «Абу-Даби Плаза» сауда, ойын-сауық орталықтары дайын. Қажет болған жағдайда қаладағы қонақүйлер де іске қосылады.
Бүгін емханаларымызда болып, егу пункттерінің жұмысын сапалы ұйымдастыру жөнінде бірқатар тапсырмалар бердім. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында вакцинациялау пункттерінің саны 36-дан 100-ге дейін артты. Жұмыс уақыты сағат 8:00-ден 24:00-ге дейін ұзартылды, - деп жазды ол.
Сонымен қатар еңбек ұжымдарын вакцинациямен қамту үшін көшпелі медициналық бригадалар құрылды. Қалада барлығы 55 мыңнан астам адам вакцина алды.
Жаппай вакцинациялау арқылы ғана ұжымдық иммунитетті қалыптастыра аламыз. Бұл өзіңізді және айналаңыздағы адамдарды қорғауға, қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік береді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы