Теміртауда халық штабының өкілдері тұрғындармен кездесу өткізіп, бейбіт атомды энергияның маңыздылығын түсіндіріп, АЭС құрылысы мәселесінің туындауына әкелген факторларды айтты, деп жазады BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Қазақстандықтардың саны 20 миллионннан асты. Демографиялық өсу, урбандалу, өндіріс пен жаңа технологиялардың дамуы еліміздің электр энергиясын тұтыну көлемінің артып, энергия қорының азаюына әкелді. Бүгінгі таңда елімізде электр энергиясы тапшылығы мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Энергетика министрлігі энергияны тұтыну жыл сайын 3 пайызға артып келе жатқандығын айтады. Министрліктің болжамы бойынша, 2035 жылға қарай қазақстандықтар 152,4 млрд кВт/сағ. энергия тұтынса, елдегі электр станцияларының тек 135 млрд кВт/сағ. қуат өндіруге қауқары бар. Жағдайды тек баламалы энергия көздері шешпек. Яғни Балқаш көліне жақын жердегі Үлкен елдімекенінде АЭС салу энергия тапшылығы мәселесінің туындамауына мүмкіндік бермек. 6 қазанда өтетін республикалық референдумда халық «жасыл» энергияны қолдайтындықтарын, не болмаса қарсы екендіктерін білдіріп, дауыс бере алады.
АЭС құрылысы бойынша республикалық референдум қарсаңында Теміртауда халық штабының өкілдері кездесу өткізді. Кездесуде Парламент мәжілісінің, қалалық мәслихаттың депутаттары, ядролы физика мен қоршаған орта салаларының сарапшылары тұрғындарға атом электр станциясы құрылысының өзектілігі мен маңыздылығын баяндап, халық арасындағы қорқыныш пен күдікті сейілтуге тырысты. Сонымен қатар, штаб өкілдері мемлекет басшысы Жолдауының басты бағыттарына тоқталып, референдум өткізудің мақсатын жеткізді.
Қазақстан қазіргі таңда әлемде уран отынының басты өндірушісі болып табылады. Сондай-ақ, еліміздің атомды зерттеулер саласында да тәжірибесі бар. Қазақстанның уран байлығын өз қажеттілігі үшін қолдануына мүмкіндігі бар деген пікір елде АЭС салуда оң фактор болып отыр. Біздің еліміз уран таблеткалары мен жылу бөлуші элементтерді өндіруді жолға қойды. Бұл өзімізді ядролық отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - дейді Теміртау қалалық мәслихатының депутаты Сергей Урываев.
Кездесуге келген тұрғындар штаб өкілдеріне атом электр станциясына қатысты толғандырған сұрақтарына қойды. Теміртаулықтардың көпшілігі оларды қауіпсіздік мәселесі алаңдататындығын айтады.
Атом электр станциясын салу еліміз үшін маңызды қадам екендігін түсінеміз. Бұл электр энергиясы тапшылығын болдырмауға басты мүмкіндік. Дегенменде, өткен жылдарға үңіле отырып, АЭС қаншалықты қауіпсіз деген сұрақ мазалайтыны рас. Қалай дегенменде, халық Чернобыль, Фукусима апаттарын әлі де ұмыта қоймады. Біз үшін бастысы халықтың амандығы, денінің саулығы, - дейді Теміртау тұрғыны Еділберен Дәкірбайұлы.
Халықтық штаб өкілдері АЭС құрылысы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жобаның 40 пайыз қаржысы жұмсалатындығын айтады. Сонымен қатар, мұндай нысандарда қандай да бір қауіп туған жағдайда автоматты түрде өшу қызметі жолға қойылғандығын түсіндіріп өтті.
Еліміздегі атом электр станциясының құрылысы ядролық энергетика саласымен байланысты кем дегенде 2000 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Бүгінгі таңда елімізде АЭС салуға біліктілігі жететін мамандар бар. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында Ядролық физика институты жұмыс істейді. Аталған институт пен еліміздегі басқа да жоғарғы оқу орындарындағы ядролық физика факультеттері ядролық энергетика мамандарын дайындауда.
Бәрі атом электр станциясынан қорқады. Біз бейбіт атомның ешқандай да апатты жағдайға әкелмейтіндігін түсіндірдік. Яғни бейбіт атомның позициясын түсіндіре отырып, халықты азаматтық ұстанымын танытуға үндеу, референдумға шақыру. Әркім өз таңдауын жасайды. Біздің елімізде қазіргі таңда Өскемен мен Алматы қалаларындағы екі жоғарғы оқу орнында осы саланың мамандары дайындалады. Бұл университеттер бүгінгі күнге дейін атом энергетика саласында жұмыс істейтін 700 ғылым докторы мен 300 маман дайындап шығарған. Қазақстанның жоғарғы оқу орындары «Ядролық физика», «Ядролық энергетикаға материалдар», «Ядролық физика және атомды энергетика» мамандықтары бойынша мамандар дайындайды. Биылғы оқу жылында 253 ядролық маман дайындалуда, - дейді Теміртау қаласы «Baytaq» партиясының жетекшісі Тигран Зулоян.
Еске салайық, елімізде 6 қазан күні бүкілхалықтық референдум өтеді. Референдумда қазақстандықтар атом электр станциясын салуды қолдайтындықтарын, не болмаса қарсылығын білдіріп, дауыс бере алады.
Бір айта кетерлігі, кездесулерде халықтық штаб өкілдері тұрғындарды АЭС құрылысын қолдап, не болмаса қарсы дауыс беруге үндемейді. Бұл кездесулердің мақсаты – атомды энергия жайлы ақпараттарды тұрғындарға түсінікті тілмен жеткізіп, әркімнің өз таңдауын жасауына мүмкіндік беру.