«Халықтық құрылыс» импортқа жұмыс істемеуі керек: Депутат Үкіметке алты талап қойды

18 Қараша 2026, 13:42
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 18 Қараша 2026, 13:42
18 Қараша 2026, 13:42
130
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Құрылтай депутаты Илья Терещенко «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында отандық құрылыс материалдарын пайдалануды бақылауды күшейтіп, импорттық өнімді негізсіз алмастыруға жол бермеуді ұсынды. Бұл туралы ол Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевқа жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың сөзінше, Мемлекет басшысы 28 қазандағы Жолдауында «Халықтық құрылыс» бағдарламасын Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бағытталатын ірі инфрақұрылымдық жоба ретінде атап өтті. Сондай-ақ 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Президент Ұлттық қор қаражатын импортқа жұмсауға тікелей тыйым салып, отандық зауыттардың өндірістік қуатын барынша пайдалануды тапсырған.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, биылғы жылдың жеті айында құрылыс материалдарын өндіру көлемі шамамен 12 пайызға өсіп, 1 трлн 160 млрд теңгеге жеткен. Ал отандық өнімнің нарықтағы үлесі 73 пайызды құраған.

Цемент, бетон, гипс және гипсокартон бойынша ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз ете аламыз. Алайда импорт көлемі әлі де жоғары – 387,7 млрд теңге, – деді депутат.

Оның айтуынша, шетелдік құрылыс материалдарын сатып алуға отандық баламасы болмаған, қажетті көлемде өндірілмеген немесе техникалық талаптарға сәйкес келмеген жағдайда ғана жол берілуі керек. Қалған жағдайда мемлекеттік тапсырыс қазақстандық өндірушілерді қолдауға бағытталуы тиіс.

Илья Терещенко «Халықтық құрылыс» бағдарламасының импортқа тәуелді болып қалмауы үшін бес жүйелі мәселені шешу қажет екенін атап өтті.

Біріншісі – құрылыс материалдарын негізсіз алмастыру. Сметада отандық өнім көрсетілгенімен, құрылыс барысында мердігерлер мен қосалқы мердігерлер оны импорттық материалдармен ауыстырады. Сондықтан бақылау тек құжат жүзінде емес, құрылыс нысандарының өзінде жүргізілуі қажет.

Екіншісі – ұлттық режимнен алып тастау талаптарын айналып өту. Сатып алуға тыйым салынған импорттық тауарлар сатып алу нысанын өзгерту арқылы құрылыс және жөндеу жұмыстарының құрамында жеткізілуі мүмкін.

Үшіншісі – жалған сертификаттар. Құрылыс материалдарының сапасы мен шығу тегін растайтын жалған құжаттар ғимараттардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, мерзімінен бұрын жөндеу шығындарын көбейтеді. Сонымен қатар адал жұмыс істейтін отандық өндірушілерге зиянын тигізеді.

Төртіншісі – жауапкершілікке тарту мерзімінің өтіп кетуі. Құрылыс нормаларын бұзу және сметалық құнды негізсіз көтеру фактілері нысан пайдалануға берілгеннен кейін ғана анықталатын жағдайлар бар. Мұндай кезде кінәлілерді жауапқа тарту мерзімі өтіп кетуі мүмкін. Сондықтан тапсырыс берушіден бастап техникалық қадағалау мамандары мен қосалқы мердігерлерге дейін әрқайсысының жеке жауапкершілігін бекіту қажет.

Бесіншісі – алдын ала жоспарлаудың болмауы. Бағдарлама аясында қажет болатын құрылыс материалдарының көлемін отандық зауыттардың өндірістік қуатымен алдын ала сәйкестендіру керек.

Осы мәселелерді шешу үшін депутат Үкіметке алты ұсыныс жолдады:

1. Жобалаудан бастап нысанды пайдалануға қабылдауға дейін құрылыс материалдарының шығу тегі мен қолданылуын толық бақылау жүйесін енгізу. Импорттық материалдарға кез келген ауыстыруды келісудің қатаң тәртібін белгілеу.

2. Халықаралық міндеттемелерді ескере отырып, құрылыс жұмыстарының құрамында импорттық тауарларды сатып алу арқылы қолданыстағы шектеулерді айналып өтуге мүмкіндік беретін құқықтық олқылықтарды жою.

3. Құрылыс материалдарының сертификаттары мен шығу тегін растайтын құжаттардың түпнұсқалығын цифрлық форматта тексеру жүйесін енгізу.

4. Құрылыс нормалары мен мердігерлік шарттардың үлгілік нысандарында мердігерлердің сметаны сақтау және материалдарды негізсіз алмастырғаны үшін тікелей жауапкершілігін бекіту.

5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, соның ішінде 323-2 және 718-баптарға түзетулер енгізу мәселесін пысықтау. Бұл жобалау, сараптама және құрылыс саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тарту мерзімін ұзартуға және жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді.

6. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында отандық құрылыс материалдарының нақты үлесі мен зауыттардың өндірістік қуатының пайдаланылуына тұрақты мониторинг жүргізу.

Наверх