Халықтың банктегі депозиттері екі есе өсті

1 Желтоқсан 2023, 15:38
521
Бөлісу:
Халықтың банктегі депозиттері екі есе өсті
Фото: Арман Мухатов - архив

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов ОКҚ-да өткен брифингте екінші деңгейдегі банктердің негізгі көрсеткіштері жайлы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Олжас Қизатовтың сөзінше, банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар. Оның ішінде шетелдің қатысуымен 11 банк, мемлекеттің 100% қатысуымен 2 банк.

2023 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша банктердің активтері 8,6%-ға ұлғайып, 48,4 трлн теңгеге жетті. Банк жүйесіндегі клиенттердің салымдары 4,8%-ға өсіп, 33,1 трлн теңгені құрады. Халық пен бизнестің депозиттерінің тұрақты өскенін атап өткен жөн. Олар 5 жыл ішінде 2 есе өсті. Жыл басынан бастап ұлғаю 4,8%-ды құрайды, бұл банк жүйесіне деген сенімнің жоғары деңгейін растап отыр. Депозиттік базаны долларландыру деңгейі жыл басынан бері 36,7%-дан 29,5%-ға дейін төмендеді, - дейді агенттік өкілі.

Қизатовтың берген мәліметінше, банк секторының меншікті капиталы 6,4 трлн теңге, ол бөлінбеген пайданы ұлғайту есебінен жыл басынан бері 22,7%-ға ұлғайды.

2023 жылғы 10 айда банктер 1,8 трлн теңге мөлшерінде пайда алды, бұл 2022 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 53,7%-ға көп. Ол көп жағдайда банктердің пайыздық кірістерінің ұлғаюына байланысты болды, - деп айтты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары брифингте.

Өзгелердің жаңалығы