Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі халықтың атын жамылып, жалған петиция жасалғанын мәлімдеді.
26 қаңтарда «Egov Press» интернет порталында Алматы облысы Қаратал ауданының басшылығына қатысты петиция пайда болған.
Жариялаушы бастапқыда құжат соңына өз есімін енгізген. Бірақ кейіннен оны өшіріп, Қаратал ауданының тұрғындары атынан деп өзгертіпті. Сәлден кейін бұл жарияланымды тіпті алып тастаған. Осы орайда облыс әкімі аппаратының арнайы жұмыс тобы тексеру жүргізді. Нәтижесінде аймақтың жиырмаға жуық қоғамдық ұйым белсенділері құжатта көрсетілген мәселенің негізсіз, шындыққа жанаспайтынын анықтады,-делінген хабарламада.
Алматы облысы әкімі аппаратының уәкілі Ғабит Тұрсынбай жұмысшы топ қаншама адаммен кездесіп, көптеген мемлекеттік қызметкерден түсініктеме алғанын жеткізді.
Тексеру жүргізгенде жаңағы жалған ақпараттардың шығуы бұл қоғамға да, мемлекеттік тұрғыда да келіп жатқан қаншама материалдық, моральдық зиян. Сондықтан да халықтан, Алматы облысының тұрғындарынан сұрайтынымыз, әлеуметтік желіде бір нәрсені жарияламас бұрын оның анық-қанығына көз жеткізіп, ертең біреудің намысына тимей, біреудің абыройына нұқсан келтірмей, егер ол шынымен болса әрине тексеріп расталса жөні бөлек, ал енді жалған ақпарат тарату, негізсіз жала жабу заң жүзінде жауапқа тартылатынын ескеруі керек,-дейді ол.