"Халықты қашанғы алдауға болады". Жетісу жұрты таза судан тарығып отыр

17 Мамыр 2023, 11:48
1444
Бөлісу:
"Халықты қашанғы алдауға болады". Жетісу жұрты таза судан тарығып отыр
PHOTO
Фото: автордан

Жетісуда жеті өзен ағып жатса да, ішер суға жарымай отырған елді мекендер бар. Осы мәселені шешу үшін биыл бюджеттен 912546 теңге қарастырылған. Әйтсе де бұл үш ауылдың ғана мәселесін шешеді, қалғаны қайтпек?, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

​ Мәселен елімізде былтыр 6 293 ауылдың 4 909-ы сумен жабдықталумен қамтамасыз етілген. Бұл жобамен елді мекендердің 78 пайызы ауызсуға жарып отыр деген сөз. Талап бойынша мемлекет бірінші кезекте тұрғындары көп ірі елді мекендерді жарылқайды. Ал әлеуеті төмен, яки 200 адамнан аз ауылдарда баламалы тәсілдер, яғни орталықтандырылған су құбырын салусыз тазартылатын жергілікті көздер пайдаланылады. Бұл ретте биыл өңірден 3 жоба қолға алынған. Түстеп өтсек, әуелі Ескелді ауданына қарасты Алдаберген ауылын сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту үшін 343658 теңге қарастырылған. Жобаның жалпы құны 947956 теңге. Сол ауданға кіретін Абай ауылына бюджеттен 321191 теңге жаратпақ. Одан кейін Кербұлақ ауданына тиесілі Қарашоқы ауылына ауызсу тартуға қажет 695098 теңгенің 247697-сі бөлінген.

​ Бұл тұста үлкен бір мәселе, ол мердігер компаниялардың жауапкершілігінің төмендігі. Оған мысал Сарыөзектегі халықтың жанайқайы. Кербұлақтықтар әлі де таза суға жарымай отыр. Қазір аудан әкімдігі жауапты мердігер компаниямен соттасуда. Оған қоса ақтұмалықтар да ауыз суға жете алмай отырғанын айтуда. Ал Текелінің жайы 30 жыл өтсе де оңалар емес. Бірде таза су ішсе, бірде лай суды қанағат тұтады.

Қараңызшы, Ақтұма ауылына 2021 жылы су құбырын жүргізу үшін 178,1 млн қаржы қарастырылған. Жауапты «Монолит» ЖШС компаниясы. Олар бөлінген қаржының 95 пайызын алғанымен, істі шала-шарпы істеген. Тіпті, ақтұмалықтар былтыр жаздың алғашқы күндері таза су ішуі керек еді. Әйтсе де, ауылдан арыда тұрған таудың суын шелектеп тасып-ішіп отыр. Оның өзін қолы мен қауқары жеткендер ғана ішеді. Қалған халық тот басқан құбырдағы суды медет тұтады. Бұлақ суы қарапайым канал арқылы тартылыс күшімен ауылға ағып келеді.

Таудың басынан аққан су былай қарағанда мөлдір көрінгенімен шіріген құбырдың даты бөлінетіні анық. Оны зерттеп жатқан мамандар да жоқ. Ол аз десеңіз ары-бері өткен ұсақ мал мен ірі-қара да сол каналдан шөлін басады. Ал дауыл тұрса судың беті лайға айналып, халық азар да безер күй кешеді. Жергілікті әкімдердің уәдесінен ығыры шыққан ауыл халқының көңілі күпті.

Жылда «жөндейміз, әне-міне таза су ішесіздер» деп уәдені үйіп төгеді. Бірақ өзгеріп жатқан ешнәрсе жоқ. Халықты қашанғы алдауға болады. Уағында облыс екіге бөлінбей тұрып аудан әкіміне кіріп, мәселенің неге созылып кеткені сұрағанмын. Айып мердігер компанияда екенін түсіндірген. Дегенмен жақын күндері бәрі реттелетін айтып, шығарып салған еді. Одан бері қанша ай өтті, баяғы жартас сол жартас. Айдың күннің аманында таза суға жарымау деген ұят дүние ғой. Бір қарасақ, құдық басында бір топ жұмысшы жүреді, бір қарасаңыз бірі де жоқ. Әр жерді бір шұқылып, істің өнбесін білгендей қайтып кетеді. Биыл қыста мамандар жұмыс істеді. Қатты аязда су желісін салғанына қайранмын, - дейді ауыл тұрғыны Айдарбек Есенаманов.

Осы іске жауапты «Монолит» ЖШС-ның директоры Советхан Шәлімбетов кінәсін мойындап отыр. Бірақ жоба толығымен реттеліп, халықтың сұранысына сай жұмыс істеп тұратынына сендірді.

Жалпы аталған елді мекенге 2,6 шақырым магистральдық желі жүргіздік. Әйтсе де ұңғыма біз ойлағаннан оңай болмай шықты. Оны бұрғылауға алты айдан астам уақытымыз кетті. Бұл жобадағы қателіктің бірі. Жұмысшылар бір емес, екі құдық қазды, сенсеңіз екеуінен де бір тамшы су шыққан жоқ. Осыған орай аудан әкімшілігімен кенесе отырып, байырғы ескі құдықты қайта қалпына келтіруды ойластырдық. Соған сай тазартылып, сорғы да орнатылды. Секундта 2 литрдей су береді, - дейді жауапты маман.

Ал тұрғындар ескі құдықтың қуат-күшіне сенбейді. Жауапты мамандардың бұл әрекеті жауырды жаба тоқығанмен бірдей деп отыр. Енді ол құдықтың әуселесін білу үшін үкіметтен тағы ақша сұрауға тура келеді. Бұл жобаға жауаптылардың құзырына жатпайды екен.

Халық айтса қалт айтпайды. Жаңа ұңғымалар ауылдың топырағын танымайтын жұмысшылардың немқұрайлы ісінің ұқсайды. Қай төбені қазып, қандай амал жасайтынында ұғып отырған жоқ. Ескі құдыққа сеніп артып, ертең тоқтап қалса тағыда жауапкершіліктен жалтарып шықпақшы. Зерттеу жүргізбей көнерген құдықтан су сұрау миға қонбайтын әрекет емес пе? Ал ауыл жұрты аң-таң!

Айтпақшы, біз осы мәселе турасында Ескелді ауданы әкімінің баспасөз қызметіне хабарласқанбыз, бірақ нақты жауап ала алмадық. Демек, істің әлі де шешімі табылмағаны байқалады.

Жоғары да біз Сарыөзектің орталық су жүйесі де қалыпқа келмегенін айтқан болатынбыз. Әкімшілік мәселенің бәрін мердігер компанияға итеруде. Былтыр жыл соңына дейін ауыз суға ауыл жұрты қарық болады деген, әйткенмен уәдесінде тұрмады. Ауданның әкімі ауысқанымен мәселе әлі де шешілген жоқ. Тозығы жеткен су құбыры желілері іске жарамайды, сол үшін 50 ысырма орнатылған. Былтыр облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан халқымен кездескенде ауыз судың жайына арнайы тоқталған.

Сарыөзек ауылында ауыз судың әлегі шешілмегеніне он жылдан асты. Мердігер ұйымдардың салғырттығы мен жергілікті атқарушы органдардың немқұрайлылығы істі тіпті күрделендіріп жіберген. Тоз-тозы шыққан желілер іске жарамсыз болғандықтан арнайы ысырмалар қойылуда. Алдағы уақытта тозған желілерді толығымен жаңартамыз. Соған орай жаңа жобамыз да бар,- деген еді Б.Исабаев.

Әкімнің сөзіне жергілікті тұрғындар сенгенімен, жыл соңында су берілмеді. Бірақ халық үмітін үзбей отыр. Мысалға Талдыбұлақ, Аралтөбе ауылындағы су желілері қайта жаңғыртылған. Биыл Қарашоқы ауылында алдағы айда сумен жабдықтау құрылысы жүргізіледі. Келесі жылы Шаған мен Шиелі ауылдарында да дәл осындай жұмыс жоспарлануда. Одан бөлек Қосағаш, Қарымсақ, Ақбастау, Қарлығаш, Тастыөзек, Қазансу, Басши ауылдарында сумен қамту қолға алынады. Яки іс кезең-кезеңімен жүзеге аспақ, тек мердігер компаниялар артқа тартпаса болғаны.

Өзгелердің жаңалығы