Халықты қабылдауға мемлекеттік органдар көбірек тартылады

25 Ақпан 2022, 14:05
1472
Бөлісу:
Халықты қабылдауға мемлекеттік органдар көбірек тартылады

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен Мемлекеттік қызмет істері департаментінінің кезекті Ашық есік күні Әуезов аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында өтті.

Бұл жолғы қабылдауға Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысып, Президент жүктеген тапсырмалардың орындалу барысын көріп-білу мақсатында өңірімізге келген Парламент депутаттары мен бірқатар мемлекеттік органдардың лауазымды өкілдері қатысты.

Құзырлы органдар өкілдері мәселемен жүгініп келген азаматтарға келелі кеңестерін берді.

Қоғамдық қабылдау өтетіні жайлы әлеуметтік желілерде алдын ала хабарланғандықтан, аталмыш кездесуге алматылықтар көптеп жиналды. Тұрғындар мемлекеттік қызметтер ғана емес, толғандырған басқа да көптеген сұрақтармен келді.

Солардың бірі, қала тұрғыны, 3-топ мүгедегі Наталья есімді азаматша, пәтері бірінші қабатта болса да, үйдің лифтін пайдалану бойынша 300 мыңнан аса берешек жиналып қалғанын айтып шағымданса, тағы бір арбадағы азамат қаладағы көп нысандарда пандустардың жоқтығын алға тартты. Енді бір тұрғын үй маңында ашылған көлік тұрағының күні-түні тұрғындар тыныштығын алатынын айтып шағымданды. Бұл мәселелерді Әуезов аудандық әкімі аппаратының басшысы Дәурен Халықов қаперіне алды.

Иелігіндегі жеріне жаңа акт алған азамат, екі жыл өтсе де ескісі нотариус базасынан шығып тұрғанын, жаңасын алғанда ескісі неге жойылып кетпегенін айтса, екінші бір тұрғын пәтерінде өзге адамдардың тіркеліп тұрғанын, ол үшін коммуналдық төлем төлегенін, енді сол төлемдерді қайтару жолын білуге келген. Бұл азаматтардың мәселесін анықтаған «Азаматтарға арналған үкімет» МК Алматы филиалының директоры м.а.  Абдурасул Кулдашов, электрондық ақпараттық базалардан кеткен қателіктер екенін, оған ХҚО мамандарының қатысы да, қолжетімділігі де жоқ екенін айтты. 

Тұрғындар құжаттарын ХҚО-ға өткізіп, осы жерден нәтижесін алатындықтан, барлық қиындықтар мен қателіктерге ХҚО мамандарын кіналап жатады. Бірақ, ол құжаттардың барлығы тиісті уәкілетті органдарда өңделіп, дайын болғанда ХҚО-ға келеді. Қателіктер, бастартулар сол уәкілетті органдар тарапынан болуы мүмкін. Сондықтан, қызмет алушылардың шағымдарын қанағаттандыру үшін тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс істеп, мәселелерінің оң шешілуіне ықпал етеміз. Осындай қабылдаулар да сол үшін ұйымдастырылуда, - дейді Абдрасул Мақсұдұлы.

Азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру, жер кадастрын тіркеу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу мәселелері бойынша сұрақтарына Азаматтарға арналған үкімет мамандары жауап берді. Кейбір өтініш иелерінің мәселелері бойынша жауапты мекемелерге тапсырмалар беріліп, орындалуы бақылауда болатыны ескертілді.

Бірқатар өтініштерді мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев тиісті министрліктерге мәселе қойып, шешілуіне атсалысатынын мәлімдеді.

Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру шеңберіндегі мұндай қабылдаулар өзге аудандарда да жалғасады. Біз алдағы қабылдауларға мемлекеттік органдарды көптеп тартатын боламыз. Бүгінгі күндері 4-5 мемлекеттік мекеме өкілдері қатысса, келесі жолы олардың қатары өседі. Себебі, сұрақтармен келіп жатқан азаматтардың мәселелерін дер кезінде шешу үшін, тиісті мекемелер өкілдерінің қатысу қажеттілігі туындап отыр, - дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы департаментінің басшысы Ильдар Үйсімбаев.

Ашық есік күніне келген 100-ден аса азамат сұрақтарын билік өкілдеріне бетпе-бет отырып жеткізе алды... Қабылдау барысындағы сындарлы диалогта мәселелері шешіліп, нәтижеге қанағаттанған азаматтардың көңіл-күйі, мұндай шаралардың қажеттілігін дәлелдегендей.  
 

Өзгелердің жаңалығы