Халықты мемлекеттік басқаруға жұмылдыру керек – Өмірәлі Жалаири

26 Мамыр 2022, 15:13
2066
Бөлісу:
Халықты мемлекеттік басқаруға жұмылдыру керек – Өмірәлі Жалаири
Фото: Sputnik

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Д.А. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, профессор, заң ғылымдарының докторы Өмірәлі Жалаири Конституцияға енгізілетін өзгерістердің маңыздылығын түсіндіріп берді.

Елімізде 5 маусымда референдум өтеді. Референдум – ол бүкілхалықтық дауыс беру процесі. 18 жасқа толған еліміздің азаматтары дауыс бере алады, - деп айтты ол.

Сарапшы референдумға бірқатар мәселе шығарылып отырғанын атап өтті.

Конституцияның үштен бірі жаңарады. Атап айтқанда, біз суперпрезиденттік басқарудан президенттік басқаруға ауысып, Президенттің кейбір құзыреттері Парламентке, Үкіметке беріледі. Осы ретте Парламенттің қызметі күшейеді. Одан бөлек, оны жасақтау мәселесі де өзгереді. Яғни партиялық жүйемен 70 пайыз және мажоритарлық жүйемен 30 пайыз болады, - деп айтты профессор.

Сонымен қатар Конституциялық Кеңестің орнына Конституциялық Сот құрылады. Бұрын Конституциялық Кеңеске жүгінетін азаматтардың өкілеттігі аз болатын, енді кез келген азаматтың конституциялық құқы бұзылса, Конституциялық Сотқа жүгіне алады.

Тағы бір мәселе – адам құқығын қорғайтын өкілдің мәртебесі көтеріледі. Жергілікті мәслихатты жасақтауда да, әкімдерді сайлауда да өзгерістер болады. Бұрын партияны жасақтау үшін 20 мың адам болуы керек еді. Ал енді қазір 5 мың адамға төмендетіліп отыр. Яғни еліміз көппартиялы мемлекет болады. Сонда бәсеке болады. Осыдан кейін экономика, саясат дамиды деп ойлаймын, - дейді Өмірәлі Жалаири.

Сарапшы халықтың саяси ынтасын ояту керегін айтады.

Конституцияда «халық – бүкіл биліктің қайнар көзі» екені жазылған. Яғни халықты мемлекеттік басқаруға жұмылдыру керек, - деп толықтырды заң ғылымдарының докторы.

Конституцияда 33 бапқа 56 өзгеріс енгізілетінін еске сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы