Қытайдың Астанадағы «Жэньминь жибао» газеті филиалының жетекшісі Ли Цян Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда жариялаған реформалар пакеті Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және институционалдық тұрақтылықты күшейтуге бағытталғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айт кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда бірқатар саяси реформа ұсынған болатын. Дәлірек айтқанда, вице-президент лауазымын енгізу, Халық кеңесін құру және бірпалаталы Парламент құрып, оны Құрылтай деп атауды ұсынды.
Бұл бастамалар Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және институттардың тұрақтылығын күшейтуге бағытталған. Қазіргі таңда әлемде геосаяси жағдай күрделі, экономика өзгеріп жатыр, ал қоғамның талабы да артып келеді. Осындай кезеңде қолға алынған реформалар саясаттың болжамдылығын арттырып, басқару тиімділігін күшейтіп, мемлекет пен халық арасындағы сенімді нығайта алады, - деп санайды халықаралық журналист.
Ли Цян реформалар ашық әрі жүйелі түрде іске асса, саяси жүйе біртіндеп оңтайланып, елдің ұзақ мерзімді дамуына нақты ережелер қалыптасатынын айтты. Оның сөзінше, көптеген ел өтпелі кезеңде тәуекелді азайту үшін ең алдымен мемлекеттік институттарын күшейтеді. Қазақстан да дәл осындай жолды таңдап отыр.
Сарапшы реформалардың қалай жүзеге асатыны Қазақстанның халықаралық беделіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Егер өзгерістер сапалы іске асса, Қазақстан ережеге негізделген, ынтымақтастыққа ашық және сенімді серіктес ретінде қабылданып, елдің инвестициялық тартымдылығы арта түседі.
Жалпы, Ли Цяннің пікірінше, Қазақстан қазір саяси жаңғырудың маңызды кезеңіне қадам басты. Ал бұл реформалардың табысы басқарудың тиімділігі мен халық көретін нақты нәтижелерге байланысты болмақ.