Respublica өкілдері сайлау барысына мониторинг жүргізу үшін Қазақстанға келген халықаралық байқаушылар миссияларымен бірқатар кездесу өткізді.
Кездесулерде сайлауалды науқанның барысы, саяси партиялардың жұмысы, сайлау органдарымен өзара іс-қимыл, науқанды қаржыландыру және Respublica-ның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары талқыланды.
Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров Respublica-ның соңғы үш жарым жылдағы жұмысы туралы айтып берді. Оның айтуынша, Мәжілістегі депутаттар саны аз болғанына қарамастан, партия депутаттары өңірлерде белсенді жұмыс жүргізген.
Үш жарым жыл ішінде біздің алты ғана депутатымыз болды. Осы уақыт ішінде 400-ге жуық сапар жасадық. Іс жүзінде кабинетте отырған жоқпыз, өйткені сайлаушыларымызбен сөйлесу біз үшін маңызды болды, – деді ол.
Қожаназаров қазіргі сайлау науқаны мен партиялар арасындағы пікірсайыстарға да тоқталды.
Этикалық нормалар аясында бір-бірімізді сынға алып, ширата түсуге мүмкіндік бердік. Пікірсайыстар шынайы әрі қызу өтті. Шынымды айтсам, маған ұнады, – деді Respublica төрағасы.
Халықаралық байқаушылар партияның өңірлердегі жұмысына да қызығушылық танытты. Respublica өкілдері партиялық жұмыс жергілікті деңгейден басталатынын атап өтті. Өйткені нақты мәселелермен тұрғындар ең алдымен өз ауылында, ауданында және қаласында бетпе-бет келеді.
Экономика мәселесіне қатысты партия өкілдері жұмыс берушілерге түсетін салық жүктемесін азайту, салық салудың оңайлатылған режимін кеңейту, отандық өндірісті дамыту және бизнесті кредиттеуді арттыру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.
Әлеуметтік сала мен денсаулық сақтау мәселелері де назардан тыс қалмады. Respublica әлеуметтік көмекті неғұрлым атаулы етуге және азаматтардың МӘМС аясындағы медициналық қызметтерге, оның ішінде жекеменшік клиникаларда қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтуге басымдық береді.
Сайлауалды науқан аясында Respublica өкілдерімен төрт халықаралық миссияның байқаушылары кездесті.
Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы (ТҮРКПА) миссиясын ТҮРКПА-ның Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының төрағасы, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Осман Местен басқарды.
ТМД Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушылар тобымен кездесуге Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Республика Кеңесі төрағасының орынбасары, халықаралық байқаушылар тобының үйлестірушісі Игорь Брилевич және ТМД ПА Кеңесі Хатшылығы басшысының орынбасары, Демократияның, парламентаризмнің дамуын және ТМД ПА-ға қатысушы мемлекеттер азаматтарының сайлау құқықтарының сақталуын мониторингтеу жөніндегі халықаралық институттың директоры Иван Мушкет қатысты.
ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының миссиясын ПА ҰҚШҰ жауапты хатшысы Сергей Поспелов таныстырды.
Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық байқаушылар миссиясын ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Нуру Гулиев басқарды.
Кездесулер ашық диалог форматында өтті. Халықаралық миссиялардың өкілдері Respublica басшылығына тікелей сұрақтар қойып, сайлауалды науқанның негізгі мәселелері бойынша партияның ұстанымымен танысуға мүмкіндік алды.