16 наурыз күні «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы жаңа конституцияның жобасына қатысты референдумды бақылаудың қорытындысын жариялаған баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Журналистердің алдында саясаттанушы Нұрболат Нышанбай, Нұргелді Әбдіғаниұлы, Дос Көшім мен қоғам мүшесі Бекнұр Қысықов сөз сөйледі.
Сарапшылардың айтуынша, тәуелсіз бақылаушылар тобын құру бастамасы жаңа конституция жобасының алғашқы нұсқасы жарияланғаннан кейін бірден пайда болған. Бұл идеяны саясаттанушы Нұрболат Нышанбай ұсынған, оны қоғамдық белсенділер мен азаматтық қоғам сарапшылары қолдапты. Топтың негізгі міндеті – 15 наурызда өткен дауыс беру процесіне қоғамдық бақылау жүргізіп, рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету мен ықтимал заңбұзушылықтың алдын алу болған.
Бір ай бойы дайындық жүргізіліп, әр қаладан еріктілер қабылданып, оқыту жағы мен нұсқаулықтар ұйымдастырылды. Қатысушыларға сайлау заңнамасының нормалары мен қоғамдық бақылау ережелерін түсіндірді.
Референдум күні «Халық үні» тобының шамамен 2 мың бақылаушысы Қазақстанның 11 қаласындағы учаскеде жұмыс істеді. Олардың қатарында Алматы, Тараз, Түркістан, Орал, Қонаев пен Талдықорған қаласы бар. Бақылаушылар учаскелердің ашылған сәтінен бастап дауыс беру аяқталғанға дейін болып, рәсімдердің сақталуын бақылап, бәрін тіркеп отырды.
Нұрболат Нышанбайдың айтуынша, тәуелсіз бақылаушылар топтарын қалыптастыру қоғамдағы саяси мәдениетті дамытып, институционалдық сенімді нығайтуға ықпал етеді. Енді барлық ұсыныстарды талдау үшін Орталық референдум комиссиясына жолдамақ.
Сарапшы топтың қорытындысы жалпы алғанда Орталық референдум комиссиясы жариялаған ресми ақпаратпен сәйкес шыққанын айтты.
Баспасөз конференциясындағылар Астана, Алматы мен Шымкент сияқты ең үлкен қалалардағы учаскелерде тәуелсіз бақылаушылардың болуы қоғамдық бақылаудың маңызды элементіне айналғанын айтты. Олардың пікірінше, бұл дауыс беру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың саяси науқанға деген сенімін арттыруға мүмкіндік берген.
Кездесу соңында топ өкілдері бастаманың негізгі мақсаты – қоғамның сайлау рәсіміне деген сенімін нығайтып, азаматтық қатысу мәдениетін дамыту екенін атап өтті. Баспасөз конференциясы қоғамдық бақылаудың алғашқы қорытындысын шығарып, маңызды саяси процестің ашықтығын қамтамасыз етудегі азаматтық қоғамның рөлін талқылайтын алаңға айналды.