«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы: Сайлауда бақылаушыларға қысастық жасалмасын

«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы: Сайлау әділ өтуі тиіс.

28 Шілде 2026, 19:17
АВТОР
 Қазақстан баспасөз клубы 28 Шілде 2026, 19:17
28 Шілде 2026, 19:17
108
Фото: Қазақстан баспасөз клубы

23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді, оған жеті тіркелген саяси партия қатысады. Сайлау қарсаңында партиялар арасындағы саяси бәсекелестік те күшейді. Сайлауды бақылаушы институттар мен ұйымдар да өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгін бір топ белгілі журналистер мен саясаттанушылар құрған «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы алдағы сайлау процесін бақылайтынын айтып, ресми мәлімдеме жасады. «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының құрамында саясаттанушы Дос Көшім, журналист Ермұрат Бапи, жазушы әрі қоғам қайраткері Бекнұр Кисиков, саясаттанушы, баспагер Бақытжан Бұқарбай, саясаттанушы Нұрболат Нышанбай, журналист Нұргелді Әбдіғани бар.

Топ алдағы сайлау науқанын бақылайтынын мәлімдей отырып, ресми үндеуін жариялады. Тәуелсіз бақылаушылар сайлауда бақылаушылар мен тілшілер қауымының жұмысына кедергілер жасалмауын, дауыс берушілердің құқығы толық қорғалуын, партиялар арасындағы бәсекелестіктің әділ әрі тең деңгейде өтуін талап етті.

«Біздің миссиямыз қандай да бір саяси партияны немесе кандидатты қолдау емес. Біздің міндетіміз – әрбір дауыстың заңға сәйкес саналуына, сайлаудың ашық та әділ өтуіне және сайлау процесіне қатысушылардың барлығы тең жағдайда болуына ықпал ету», - дейді топ мүшелері.

Қазіргі уақытта «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы дауыс беру күні сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін тәуелсіз бақылаушыларды іріктеуге және оқытуға кірісіп кетті.

Кәсіби саясаттанушы ретінде елімізде болып жатқан саяси үдерістерді жіті бақылап,  ғылыми әрі практикалық тұрғыдан зерделеу мен үшін әрқашан өте маңызды. Соңғы үш жылда пікірлес әріптестерімізбен бірге еліміздегі бірқатар маңызды саяси науқандарға белсенді қатысып келеміз. Өзім «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында шетелдің бірнеше жетекші жоғары оқу орнында білім алдым. Оқу барысында Батыс елдеріндегі сайлау мәдениетімен, азаматтық қоғам институттарының қызметімен және демократиялық саяси процестердің ұйымдастырылу тәжірибесімен танысуға мүмкіндік болды. Бұл тәжірибе еліміздегі саяси үдерістерге кәсіби тұрғыдан қарауыма және қоғамдық бақылаудың маңызын тереңірек түсінуіме ықпал етті, - дейді «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының жетекшісі, саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев.

Сонымепн қатар саясаттанушы Бекнұр Кисиков та өз ойын ортаға салды. 

Ұлттық құрылтайға өтейін деп жатқан алдағы сайлау еліміздің дамуындағы маңызды кезеңді айшықтайды. Сайлау алғаш рет жаңа құрамдағы депутаттары бар жаңартылған өкілді органға өткелі отыр. Бұл қазіргі сайлау науқанына ерекше мән береді. «Халық үні» қоғамдық бірлестігі дәстүрлі түрде сайлау процесінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге белсенді қатысады. Алдағы сайлау аясында біздің бақылаушыларымыз Қазақстанның барлық өңірінде, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында жұмыс істейтін болады, - дейді ол.

Саясаттанушы, журналист Нұргелді Әбдіғани бұған дейін де халық сайлау мен саяси науқанның сан түрін көргеніне тоқталды.

Осыған дейін елімізде өткен сайлаулар мен референдумдар кезінде түрлі құйтырқылықтарды қоғамның көзі көріп, құлағы естіді. Айлакерлікпен жасалған небір заңбұзушылықтарға куә болды, әркім хал-қадірінше ондай өрескелдіктерді әшкерелеуге күш салды. Дауысты көпекөрнеу бұрмалау, бақылаушыларға хаттамаларды бермей, учаскелерден заңсыз шығарып жіберген сәттер де болды. Сөйте тұра, еліміздің сергек саналы азаматтары өздерінің саяси ұстанымдарынан бас тартқан жоқ, азаматтық позицияларынан айныған жоқ. Ағылшындар айтатын: «Сайлаудың нәтижесі – дауыс берушінің санына емес, дауыс санаушының пиғылына байланысты», - деген сөз бар. Әр бюллетень – бір дауыс десек, әр бюллетендегі әрбір дауыс – халықтың үні. Қазақта «қалыпқа салма, халыққа сал» деген жақсы сөз бар. Бұл сөз бүгінгі Құрылтай сайлауының мағынасын ашатын сөз десек қателеспейміз, - дейді Нұргелді Әбдіғани.

«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының мүшесі, саясаттанушы Дос Көшім бақылаушыларды дайындау туралы айтты. 

Менің бақылаушы болғаныма биыл 29 жыл болады. Біз 1997 жылдан бастадық. Макаабрин деген депутат болды, сол кісі екеуміз Қазақстанда алғаш рет бақылаушы болдық. Қазір, оған қарағанда, бақылаушылардың саны өсіп жатыр. Тәуелсіз бақылаушылар бар, партиялық бақылаушылар бар. Көп жерде бақылаушылар дайындалып жатыр. Себебі мен үш-төрт ұйымның бақылаушыларын дайындауға атсалысып жатырмын. Жалпы алғанда, бақылаушыларды дайындау бағытында шамамыз келгенше жұмыстарымызды жасап жатырмыз. Бақылаушылар тек өз жұмысының мән-жайын білуімен ғана шектелмейді. Себебі бақылаудан кейін сайлауға қатысты түрлі ұсыныстар болуы мүмкін, - деп өз тәжірибесінен мысал келтірді Дос Көшім. 

Ол біреуді әкеліп, мәжбүрлеп дауыс бергізу болды деп нақты айта алмайтынын, бірақ соған ұқсас жағдайлар кездескенін жеткізді.

Қазір бәрімізде телефон бар. Сондықтан телефонға арнайы нұсқаулық дайындадық. Әрбір бақылаушы телефон арқылы өзіне қажетті заңдармен танысып, қалай жұмыс істеу керектігі жөніндегі ақпаратты ала алады. Қысқасы, біз жыл сайын тәжірибемізді молайтып, жұмысымызды жетілдіріп келеміз, - дейді ол.

«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының тағы бір мүшесі, саясаттанушы Ермұрат Бәпи де өз ойын ортаға салды. 

Бақылаушылық мәселесі өте маңызды. Дос Көшім өз сөзінде айтқандай, бақылаушылық мектебінен өткен азамат ертеңгі күні қоғамның саналы, белсенді тобына айнала алады. Естеріңізге салсам, 2019 жылғы сайлауда тәуелсіз бақылаушылар пайда болып, аяқ астынан үлкен қозғалыс қалыптасты. Оған дейін «тәуелсіз бақылаушы» деген атау болғанымен, қор ретінде жұмыс істеген ұйымдар болған жоқ. Кейін бұл бастама бүкіл Қазақстан бойынша кеңінен таралып, тәуелсіз бақылаушылар ұйымдары пайда болды. Бұл азаматтық белсенділіктің жаңа бір кезеңі болды. Сол кезде тәуелсіз бақылаушылар бірнеше топқа бөлініп кетті. Бірақ қоғамда үлкен сілкініс болды. Тарихқа көз жүгіртсек, 2005 жылғы президенттік сайлауда қоғамдағы оппозициялық күштер бірігіп, бірыңғай кандидат ұсынған кезде үлкен бақылаушылық жұмыс жүргізілді. Қазақстанның 57 пайызы бақылаушылармен қамтылды. Бұл белгілі бір кандидаттың сайлаудан өткен-өтпегенін анықтау мақсатындағы мүдделі қозғалыс болды. Ал қазіргі тәуелсіз бақылаушылардың мақсаты – ешқандай жеке мүдде емес. Мұндағы басты мүдде – сайлаудың әділдігі мен ашықтығы. Әділет партиясы ма, «Республика» ма, «Ақ жол» ма – кімнің жеңіп жатқаны маңызды емес. Ең маңыздысы – урнаға түскен бюллетеньдердің әділ әрі таза саналуы, - дейді Ермұрат Бәпи.

Саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай елімізде болып жатқан реформалардың куәсі болып отырғанын айтты. 

Біз қазір елімізде болып жатқан тағдыршешті реформалардың куәсі болып жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, Конституция қабылданды. Жаңа институттар мен жаңа құрылымдар қалыптаса бастайды. Сол алғашқы институттардың бірі – Құрылтай сайлауы. Әріптестерім айтқандай, сайлаудың ашық өтуі және заң талаптарына сай ұйымдастырылуы маңызды. Ал ашықтық мәселесі бүкіл қоғамның мойнында деп айтуға болады. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де сайлаудың ашық өтуіне тікелей атсалыса алады. Бұл саяси процесс болғандықтан, бақылаушылардың рөлі де маңызды. Қазір келіп жатқан жас буын үшін осындай процестерге араласу – үлкен мүмкіндік. Біз жастарға осындай тәжірибе беріп, олардың саяси сауатын арттыруға үлес қоса аламыз, - дейді «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының мүшесі Бұқарбай.

Наверх