Халық тез баю мақсатында күдікті инвестжобаларға ақша құйып жатыр – Тергеу департаменті

13 Сәуір 2022, 13:04
1784
Бөлісу:
Халық тез баю мақсатында күдікті инвестжобаларға ақша құйып жатыр – Тергеу департаменті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов халық не себепті қаржы пирамидаларына алданып жатқанын түсіндірді.

Оның айтуынша, халық ойдан шығарылған әрі жоғары табысты ұсынатын инвестициялық жобаларға көз жұма ақша аударып жатыр.

Құқық қорғау органдары тарапынан қанша ескерту жасалып жатқанымен азаматтарымыз әлі күнге дейін қаржы пирамидаларының құрбанына айналып отыр. Тер төкпей тез баюды қалаған азаматтар құр алақан қалып жатыр, тіптен ары қарай кредит төлеуге мәжбүр, - деді ол.

Азаматтар ақша аударар кезде ол компаниялардың қаншалықты заңды жұмыс істеп жатқаны жайлы ойланбайтынын айтқан Әділов, қаржы пирамидаларының белгілері қандай болатынын айтып өтті.

Біріншіден, олар клиент әкелгені үшін сыйақы ұсынады, оны бонус деп те атайды. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз оған ақша салудан бас тартыңыз және жақындарыңызға да ескертіңіз. Екінші, жоғары табыс табуға кепілдік беру. Нарықтағы деңгейден бірнеше есе асып кететін табыс. Қандай болмасын инвестициялық компаниялар табыстылыққа кепілдік бере алмайды, оған заңмен тыйым салынған. Егер біреу кепілдік берсе, ол алаяқ. Үшіншіден, қажетті лицензиялардың болмауы. Компания жұртшылықтан ақшалай салымды тартатын болса немесе қор нарығына инвестиция салуды көздесе, бірақ еш лицензия болмаса ондай ойлану керек. Ондай компаниялар Қаржылық мониторинг агенттігің есебінде болмайды, сондықтан сіздің құқығыңыз қорғалмай қалады,-деді ол.

Сондай-ақ ол компанияға кіру кезінде төленетін жарналар да қаржы пирамидасының белгісі екенін жеткізді.

Жарнадан түсетін қаржы бұл пирамидалардың негізгі табыс көзі. Сондай-ақ ондай мекемелерде өзінің бағалы активтері болмайды. Одан бөлек жарнамалары да агрессивті болады, яғни көп клиентті жылдам  тартуға есептелген. Онда тек алаяқтардың өзіне ыңғайлы мағлұмат қана беріледі. Олар ешқашан өзге серіктерін көрсетпейді, өйткені салымшылардан өзге ақша құятындар жоқ. Сондықтан қандайда бір компанияға ақша құймас бұрын жеті рет ойланған жөн,-дейді  Санжар Әділов.
 

Өзгелердің жаңалығы