Халық саны қалада өсіп жатыр – демограф

16 Қараша 2023, 13:40
625
Бөлісу:
Халық саны қалада өсіп жатыр  – демограф
Фото: автордан

Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Соңғы 10 жылда еліміздегі халықтың саны 16,9%-ға өскен. Жалпы халық санының өсімі қалай болып жатыр? Демограф Шынар Төлешованың пікірін білген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Халық санының өсімі жалпы жылына 1,3 пен 1,5% аралығында болды. Урбанизация қарқынымен халықтың саны қалада да өсіп келе жатыр. Сонымен бірге әкімшілік территориялық өзгерістерге байланысты ауыл халқының қалаға көшу процесіне де байланысты өсім бар. Әсіресе қала халқының саны 31,6 %-ға жетті. Бұл жерде қала халқының жыл сайынғы өсімі 1,7% бен 4,3% болды. Ал ауылда адам саны осы уақыт аралығында 1%-ға кеміді. Жалпы еліміздегі өңірлердің арасын алып қарайтын болсақ, географиялық жағынан өзгеріс бар.

Шынар Төлешованың айтуынша, халық санының өсімі батыс пен оңтүстік аймақтарда жиі байқалады.

Бұл жерде айта кететін жайт, батыс пен оңтүстіктегі аймақтар және мегополистер халықтың қарқыны жоғары аймаққа жатады. Ең жоғарғы қарқынды өсім Астана қаласында, 10 жылдың ішінде халық саны 74,1%-ға өскен. Алматы қаласында 46,6%-ға, Маңғыстау облысында 35,1%-ға жеткен. Өкінішке қарай, халық санының кемуі болып жатқан аймақтар да бар. Әсіресе географиялық жағынан алатын болсақ, оны елдің солтүстігі, шығысы және орталығынан байқауға болады. Адам саны Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 10 жылда 7,9%-ға, Қостанай облысында 5,4%-ға, Шығыс Қазақстан облысында 2,2%-ға кеміген. Халықтың жас құрылымына тоқталатын болсақ, біздегі орташа жас - 32,1. Бұл 2023 жылдың басындағы дерек. Ал Солтүстік және Шығыс, Орталық аймақтарда халықтың орташа жасы 35 жастан асып тұр. Өйткені бұл аймақта қартаю процесі тезірек жүріп жатыр. Біз халықтың тууы есебінен өсіп келе жатқан елміз, - деді ол.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғындары дүниеге келді. Осыған байланысты оларға 2 миллион теңгеден сертификат табысталды. 

Өзгелердің жаңалығы